Жамбыл облысы бойынша «Дәстүр және отбасы» бөлімінің жетекші маманы Ғарифулла Қуанышбекұлы Меркі ауданының жастарымен «Дәстүріміздегі үлкенге құрмет – кішіге ізет әдебі» тақырыбында кездесу өткізді.
Ғарифулла Қуанышбекұлы халқымыздың салт-дәстүрінде үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық көрсету, ата-ананы құрметтеу мен отбасындағы сыйластықтың айрықша орын алатынын атап өтті. Сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен ислам әдебінің өзара сабақтастығына тоқталып, жастарды әдептілікке, ізеттілікке және жауапкершілікке шақырды.
Жиын барысында жат діни ағымдардың ықпалынан сақтану мәселесі де назардан тыс қалмады. Жастарға діни ақпаратты дұрыс дереккөздерден алу, күмәнді уағыздар мен теріс идеологияның жетегінде кетпеу, діни сауаттылықты дәстүрлі ислам құндылықтары негізінде арттыру қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ қандай да бір діни мәселеге қатысты түсінбестік туындаған жағдайда білікті дін мамандарына жүгінудің маңыздылығы айтылды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі


26 Қазан 2026
14 Джумада-авваль 1448

