Шу ауданында имамдардың қатысуымен жиын өтіп, онда отбасы тәрбиесі мен әкенің қоғамдағы жауапкершілігі сөз болды. Ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаев «Әке – тәрбиенің өзегі» тақырыбында насихат айтып, ұрпақ тәрбиесіндегі әке мен атаның айрықша орнын атап өтті.
Бас имам өз сөзінде отбасының берекесі мен бала тәрбиесі ең алдымен әкенің өнегесі мен жауапкершілігіне байланысты екенін жеткізді. Ислам дінінде әрбір адамның өзіне жүктелген міндеті бар екенін еске салып, отбасының амандығы мен ұрпақтың тәрбиесі үшін әке жауапты екенін түсіндірді.
Сондай-ақ үлкеннің батасы мен ақылын қадірлеу, ата сөзіне тоқтау және ұлттық тәрбиенің мәнін жоғалтпау мәселелеріне тоқталды. Ер азаматтарды отбасына үлгі болып, ұрпағына дұрыс бағыт-бағдар беруге шақырды.
Жиын қорытындысында «Әке – тәрбиенің өзегі» тақырыбын жамағат арасында кеңінен насихаттап, отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған уағыз-насихат жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырды.
Шу аудандық “Жәми” мешітінің баспасөз қызметі.



26 Қазан 2026
14 Джумада-авваль 1448

