Қарттарын қадірлеп, үлкенін құрметтеген елдің өнегесі қашанда биік. Осы орайда Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінде Қарттар күніне арналған «Қарттар – асыл қазынамыз» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Аудандық «Қордай» мешітінің әйел-қыздар ұстазы Есімқараева Эльмираның ұйымдастыруымен өткен кездесуге аудандық әжелер алқасының мүшелері қатысты.
Іс-шара барысында ақ жаулықты әжелер мен ардақты апалар мерекелерімен құттықталып, оларға шынайы алғыс білдірілді. Ақылымен жол көрсетіп, өнегелі өмірімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып жүрген үлкендердің қоғамдағы орны ерекше екені атап өтілді. Кездесу барысында қариялардың батасы мен ақыл-кеңесінің маңызы, отбасындағы тәлім-тәрбиедегі рөлі және ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудегі еңбегі сөз болды. Сонымен қатар үлкенге құрмет көрсету, ізет білдіру және қарттарға қамқорлық жасау – халқымыздың ізгі дәстүрі екені айтылды. Жылы жүздесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, ақ жаулықты әжелерге ізгі тілектерін білдірді.
Кездесу үлкенге құрмет көрсетіп, ізгілік пен мейірімділікті дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды. Алла Тағала ақ жаулықты әжелеріміз бен ардақты қарияларымызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасыларына амандық пен береке нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

