Қордай аудандық «Қордай» мешітінің асханасында аудан бас имамы Абдразахов Азамат мешіт жамағатымен кездесіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ас беру мәдениеті» құжаты бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында ас беру дәстүрінің діни және ұлттық құндылықтарымыздағы орны, оның негізгі мақсаты мен маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Аудан бас имамы ас берудің басты мақсаты – марқұмдарды еске алып, рухтарына Құран бағыштау, дұға жасау және ағайын-туыстың басын қосып, ел арасындағы бірлік пен татулықты нығайту екенін атап өтті. Сонымен қатар ас беру рәсімдерінде ысырапшылдыққа жол бермеу, орынсыз бәсекеден аулақ болу, қарапайымдылық пен үнемшілдікті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Дастарқанның молдығы мен жұмсалған қаражатты емес, ниеттің тазалығы мен жасалған дұға-тілектің маңызын алдыңғы орынға қою қажеттігі айтылды. Аудан бас имамы жамағатты ас беру кезінде шариғат талаптары мен ұлттық дәстүрлерімізді үйлестіре отырып, отбасының жағдайына қарай әрекет етуге шақырды.
Сондай-ақ осындай түсіндіру жұмыстарының қоғамда дұрыс түсінік қалыптастырып, діни құндылықтарды насихаттаудағы маңызы атап өтілді. Кездесу соңында жамағатқа игі дәстүрлерімізді сақтап, ас беру мәдениетін қалыптастыруда бірлік пен жауапкершілікті ұстанудың маңыздылығы жеткізілді.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

