Қордай: Той – тәрбие мен тағылымның ордасы

Қордай: Той – тәрбие мен тағылымның ордасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қордай ауданында ұлттық дәстүр мен діни құндылықтарды ұштастыру, ас беру мен той өткізу мәдениетін қалыптастыру және ысырапшылдықтың алдын алу мақсатында мазмұнды кездесу өтті. Аудан бас имамы Абдразахов Азаматтың ұйымдастыруымен өткен жиынға аудан ақсақалдары кеңесінің төрағасы Әлімбет Біржан және аудандық «Асабалар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құттықов Еркінбек және аудандық әжелер алқасының өкілдері қатысты.

Басқосудың негізгі мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ас беру және той өткізу дәстүрлерінің мән-маңызын түсіндіру, оларды шариғат талаптары мен ұлттық құндылықтарға сай ұйымдастыруды насихаттау, қоғам арасында орын алып жүрген ысырапшылдықтың алдын алу. Жиын барысында «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» қағидасына ерекше назар аударылды. Құдайы ас берудің негізгі мақсаты – марқұмдарды еске алып, рухтарына Құран бағыштау, дұға жасау және ағайын-туыстың басын қосып, ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайту екені айтылды. Сондай-ақ ас беру кезінде даңғазалыққа, орынсыз бәсекеге және шамадан тыс шығынға жол бермей, қарапайымдылық пен қанағатшылдықты ұстанудың маңыздылығы сөз болды. Аудан бас имамы Абдразахов Азамат ас беру рәсімдерінде дініміздің талаптары мен халқымыздың ізгі салт-дәстүрлерін үйлестіре білудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» тақырыбы аясында да пікірлер айтылды. Той – қуанышты бөлісетін, ағайынның басын қосатын, ұрпаққа өнеге көрсететін маңызды басқосу. Сондықтан той өткізу барысында да шектен тыс шығынға бармай, қарапайымдылықты сақтау, отбасының мүмкіндігін ескеру және жастарға үлгі боларлық тәрбие мен әдепке мән беру қажеттігі атап өтілді. Қоғамда орынсыз шығын мен бәсекелестікті азайтып, дәстүрдің шынайы мазмұнын сақтауға бірлесе күш салу керектігі айтылды. Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, ел арасында ортақ түсінік қалыптастыру, кейінгі буынға дұрыс бағыт-бағдар беру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жөнінде ойларын бөлісті. Басқосу қорытындысында ас беру мен той өткізудің басты өлшемі – даңғаза мен сән-салтанат емес, ізгі ниет, сауапты амал, тәрбие мен тағылым екені атап өтілді. Осындай кездесулер қоғамдағы ынтымақты нығайтып, халық арасында үнемшілдік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Алла Тағала игі бастамаларға береке беріп, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын арттырсын! Өткен ата-бабаларымыз бен марқұмдарымыздың рухы шат болып, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!

Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)