Қордай ауданында діни құндылықтарды насихаттау, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және қоғам арасында ысырапшылдықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлының ұйымдастыруымен жергілікті телеарнаға сұхбат ұйымдастырылды.
Сұхбат барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) «Ас беру мәдениеті» құжатының маңызы және той-томалақ кезіндегі ысырапшылдық мәселелері кеңінен қозғалды. Сұхбатта ас беру дәстүрінің негізгі мақсаты – марқұмдарды еске алып, рухтарына Құран бағыштау, дұға жасау және ағайын-туыстың басын қосып, ел арасындағы бірлік пен татулықты нығайту екені түсіндірілді. Сонымен қатар ас беру рәсімдерін шариғат талаптарына сай өткізіп, даңғазалық пен орынсыз шығынға жол бермеудің маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ қазіргі қоғамдағы той өткізу мәдениеті, той барысында орын алатын артық шығындар мен бәсекелестік мәселелеріне назар аударылды.
Халықты қарапайымдылыққа, қанағатшылдыққа және үнемшілдікке шақырудың маңыздылығы атап өтілді. Той мен ас өткізуде отбасының жағдайын ескеріп, шамадан тыс шығынға бармай, берекелі әрі мазмұнды іс-шара ұйымдастыру қажеттігі түсіндірілді. ҚМДБ-ның «Ас беру мәдениеті» құжатының басты мақсаты – халық арасында дұрыс түсінік қалыптастырып, ас беру рәсімдерін ретке келтіру, ысырапшылдықтың алдын алу және діни әрі ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы қоғамда жауапкершілік пен үнемшілдік мәдениетін қалыптастырып, ұрпаққа өнегелі дәстүр қалдыру көзделеді.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

