Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауылындағы Айша бибі мешітінің имамы Қатарбай Таджибаев спорт кешенінің қызметкерлерімен кездесіп, діни сауаттылықты арттыру тақырыбында тағылымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жүздесудің негізгі мақсаты – қызметкерлердің діни танымын кеңейту, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеу және қоғамда дұрыс діни түсінік қалыптастыруға ықпал ету болды.
Іс-шара барысында имам діннің адам өміріндегі орнына тоқталып, ислам дінінің ізгілікке, адалдыққа, сабырлылыққа және өзара құрметке үндейтін асыл қағидаларын кеңінен түсіндірді. Қатарбай Таджибаев қазіргі қоғамда діни ақпаратты талғаммен қабылдап, әртүрлі күмәнді мәліметтерге сын көзбен қараудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке және рухани тұрақтылыққа тәрбиелеуде отбасы мен қоғамның жауапкершілігі жоғары екені айтылып, ұлттық дәстүр мен діни құндылықтардың сабақтастығы түсіндірілді. Шара барысында спорт саласы қызметкерлерінің қоғамдағы орнына тоқталып, салауатты өмір салтын ұстанумен қатар, рухани кемелденуге де көңіл бөлудің маңыздылығы жеткізілді.
Жүздесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, діни сауаттылықты арттыруға бағытталған мұндай кездесулердің қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға қосар үлесі зор екенін аңғарды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

