Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылындағы Айша бибі мешітінің имамы Қатарбай Таджибаев жамағатқа рухани тәрбие мен діни сауаттылықты арттыруға бағытталған уағыз-насихат жүргізді. Кездесу барысында имам «Жат ағым жарға жығады», «Ұлтаралық келісімді нығайту» және «Жүрек дерттері» тақырыптарын кеңінен түсіндірді. Алғашқы тақырып аясында ол жат діни ағымдардың адам санасына тигізетін кері әсері мен олардың қоғам тыныштығына төндіретін қауіптері жөнінде баяндады.
Сондай-ақ діни сауатсыздықтың теріс түсініктерге жетелейтінін айтып, кез келген діни мәліметті сенімді дереккөздер арқылы тексерудің маңыздылығына тоқталды. Имам жастарды жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтануға, дәстүрлі діни құндылықтарды құрметтеуге және діни мәселелерде білімді мамандардың кеңесіне жүгінуге шақырды. Ұлтаралық келісімді нығайту тақырыбында еліміздегі түрлі этнос өкілдері арасындағы татулық пен өзара сыйластықтың қоғам тұрақтылығы үшін маңызы ерекше екені атап өтілді.
Сонымен қатар әрбір азаматтың өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, бірлік пен ынтымақты сақтауға үлес қосуы қажеттігі түсіндірілді. Кездесудің келесі бөлімінде жүрек дерттері, яғни адам бойындағы тәкаппарлық, қызғаныш, көреалмаушылық пен реніш секілді рухани кеселдердің зияны сөз болды. Имам мұндай жағымсыз қасиеттерден арылу үшін жүректі иманмен нұрландырып, сабырлыққа, кешірімділікке және кішіпейілділікке ұмтылу керектігін жеткізді.
Сондай-ақ адамгершілік қасиеттерді жетілдіруде ізгі амалдардың, шынайы ниеттің және айналаға мейіріммен қараудың орны айрықша екені айтылды. Тәлімі мол уағыздың түйіні ретінде жамағатты діни сауаттылықты арттыруға, ұлтаралық татулықты сақтауға және жүрек тазалығына мән беріп, қоғам игілігі жолында ізгілік пен бірлікті ту етіп өмір сүруге үндеді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі



22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

