ЖАМБЫЛ: ДІН ЖӘНЕ ОТБАСЫ

ЖАМБЫЛ: ДІН ЖӘНЕ ОТБАСЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аудандық орталық Бәйдібек мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев мешітке келген жамағатқа «Дін және отбасы» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтып, отбасының қоғам өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды. Уағыз барысында отбасы құндылықтарының ислам дініндегі орны мен ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық, түсіністік және жауапкершіліктің маңызы түсіндірілді.

Бас имам отбасының берекесі мен тыныштығы ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметіне, сабырлылығына және ортақ міндеттерді жауапкершілікпен атқаруына байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар бала тәрбиесіне ерекше мән беріліп, ұрпақтың бойына имандылық, адамгершілік, адалдық пен үлкенге құрмет секілді ізгі қасиеттерді сіңіру ата-ананың басты міндеттерінің бірі екені айтылды. Даурен Куттыбаев ата-ананың жеке өнегесі мен күнделікті іс-әрекеті баланың мінез-құлқы мен дүниетанымының қалыптасуына тікелей әсер ететінін жеткізді.

Сондай-ақ отбасындағы түсініспеушіліктерді сабырмен шешіп, бір-бірінің пікіріне құрметпен қарау мен кешірімді болудың шаңырақтың беріктігін сақтаудағы рөлі ерекше екені насихатталды. Ислам дінінің отбасы мүшелеріне мейірімділік танытуға, туыстық байланысты нығайтуға және жақындардың алдындағы міндеттерді адал орындауға үндейтіні де кеңінен баяндалды. Жиын барысында жамағатқа отбасы тыныштығын сақтау, бала тәрбиесіне көңіл бөлу және күнделікті өмірде діни-рухани құндылықтарды басшылыққа алу жөнінде пайдалы кеңестер берілді.

Тағылымды насихаттың түйінінде бас имам әрбір шаңырақта татулық пен береке орнап, имандылық пен ізгілікке негізделген отбасылар қоғамның рухани дамуына үлес қоса берсін деген ізгі тілегін білдірді.

Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: