Қапал ауылындағы Қапал мешітінде Бесағаш ауылы Бесағаш мешітінің азаншысы Азамат Сабыр келген жамағатқа рухани тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Жүрек дерті» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат жүргізді. Кездесу барысында адам жүрегіне кері әсер ететін тәкаппарлық, қызғаныш, көреалмаушылық, реніш пен менмендік секілді жағымсыз қасиеттердің рухани өмірге тигізетін зияны кеңінен түсіндірілді.
Азамат Сабыр жүрек тазалығы мұсылманның имандылық деңгейін айқындайтын маңызды өлшемдердің бірі екенін айтып, адамның сыртқы көрінісімен қатар ішкі дүниесінің де таза болуына мән беру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар мұсылман баласының бойында кішіпейілділік, сабырлылық, кешірімділік пен шынайылық секілді көркем мінездерді қалыптастырудың маңызы ерекше екені жеткізілді. Уағыз барысында өзгелердің жетістігіне қуана білу, ешкімге жамандық тілемеу және адамдарға ізгі ниетпен қарау жүрек тазалығын сақтауға көмектесетін игі қасиеттер ретінде түсіндірілді. Азаншы жамағатқа рухани кемелденудің жолы өз кемшіліктерін мойындап, оларды түзетуге ұмтылудан басталатынын айтып, әрбір мұсылманды өзін-өзі тәрбиелеуге шақырды.
Сондай-ақ дұға жасау, Алла Тағаланы жиі еске алу, ізгі амалдарды көбейту және айналадағы адамдарға мейірімділік таныту жүректі рухани тұрғыдан тазартуға ықпал ететін амалдар екені насихатталды. Тағылымды кездесудің қорытындысында жамағатты жүрек тазалығын сақтауға, көркем мінезді серік етуге және өзара бауырмалдық пен сыйластықты нығайтуға үндеген Азамат Сабыр рухани тәрбиенің адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте атап өтті.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

