Қапал ауылындағы Қапал мешітінде Бесағаш ауылы Бесағаш мешітінің азаншысы Азамат Сабыр жиналған жамағатқа «Ажырасу – қоғам дерті» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат жүргізді. Кездесу барысында отбасы құндылықтарының маңызы түсіндіріліп, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, өзара түсіністік пен жауапкершіліктің шаңырақ беріктігін сақтаудағы рөлі кеңінен баяндалды.
Азамат Сабыр отбасындағы келіспеушіліктерді сабырмен шешіп, бір-бірінің пікіріне құрметпен қарау мен кешірімді болудың отбасылық татулықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар ажырасудың балалардың психологиялық жағдайына және олардың болашақтағы көзқарасының қалыптасуына әсер етуі мүмкін екені айтылып, ата-аналарды ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Азаншы ислам дінінде отбасының орны ерекше екенін жеткізіп, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген міндеттерін орындап, қиындықтарды өзара ақылдасу арқылы еңсеруге ұмтылуы қажеттігін түсіндірді.
Сондай-ақ отбасы мәселелерін шешуде үлкендердің ақыл-кеңесіне жүгіну, қажет болған жағдайда мамандардан көмек алу және өзара құрметті жоғалтпау маңызды екені насихатталды. Уағыз соңында жамағатты отбасы құндылықтарын бағалауға, шаңырақтың берекесі мен бірлігін сақтауға және қоғамдағы салауатты отбасылық қарым-қатынастарды нығайтуға үлес қосуға шақырды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

