Бесағаш ауылындағы Бесағаш мешітінде Тоғызтарау ауылы Тоғызтарау мешітінің молдасы Мәулен Ибрагимов жиналған жамағатқа «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында түсіндірме жұмысын жүргізді. Кездесудің негізгі мақсаты – жамағаттың діни сауаттылығын арттыру, жат діни ағымдардың қауіпті тұстарын түсіндіру және теріс діни көзқарастардың алдын алу болды.
Молда өз сөзінде діни білімнің жеткіліксіздігі мен ақпаратты сараламай қабылдаудың адамды жаңсақ түсініктерге жетелеп, қоғамдағы татулық пен тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол діни мәселелерде сенімді дереккөздерге сүйеніп, Құран мен сүннетті дұрыс түсіндіретін білікті дін мамандарының кеңесіне жүгінудің маңыздылығын түсіндірді. Мәулен Ибрагимов жамағатты күмәнді діни ақпараттарға сын көзбен қарауға, радикалды көзқарастардан сақтануға және дәстүрлі діни құндылықтарды құрметтеуге шақырды. Түсіндірме барысында ислам дінінің бейбітшілікке, бауырмалдыққа, мейірімділікке және өзара сыйластыққа үндейтіні айтылып, қоғам бірлігін сақтаудың маңызына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ жастардың діни сауатын арттыру, олардың дұрыс бағытта білім алуына қолдау көрсету және теріс ағымдардың ықпалына түсудің алдын алу – отбасы мен қоғамға ортақ міндет екені жеткізілді.
Кездесу соңында жамағатты діни білімді саналы түрде меңгеруге, кез келген ақпаратты байыппен саралауға және ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға үлес қосуға үндеді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

