ЖАМБЫЛ: БЕЙСЕУ АТА МЕШІТІНДЕ УАҒЫЗ- НАСИХАТ АЙТЫЛДЫ

ЖАМБЫЛ: БЕЙСЕУ АТА МЕШІТІНДЕ УАҒЫЗ- НАСИХАТ АЙТЫЛДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қызылқайнар ауылындағы Бейсеу ата мешітінің имамы Ермуханбет Берсүгір жиналған жамағатқа «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» және «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» тақырыптарында тағылымды уағыз-насихат жүргізді. Уағыз барысында имам құдайы астың негізгі мақсаты бақилық болған марқұмдарды еске алып, олардың рухына Құран бағыштау мен дұға жасау, сондай-ақ көпшілікке ізгілік пен қайырымдылықты насихаттау екенін түсіндірді.

Сонымен қатар ол ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермей, қарапайымдылық пен шынайы ниетті басшылыққа алудың діни әрі тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды. Ермуханбет Берсүгір құдайы асты өзара бәсекеге айналдырып, дастарқанның молдығы немесе шығынның көптігі арқылы жарысу оның негізгі мәніне қайшы келетінін айтып, әрбір істің сауабы ниеттің тазалығымен өлшенетінін жеткізді. Имам жамағатты марқұмдарды еске алу рәсімдерінде сабырлылық танытуға, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға және ел ішіндегі бірлік пен бауырмалдықты нығайтуға шақырды.

Уағыздың келесі бөлімінде «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» тақырыбы қозғалып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбиелік дәстүрлерінің маңыздылығы кеңінен баяндалды. Адамның көркем мінезі мен тәрбиесінің көрінісі үлкенге ізет көрсетіп, кішілерге қамқорлық танытуынан байқалатынын айтқан имам өзара сыйластықтың отбасы мен қоғамдағы татулықтың негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды ата-ананы ардақтауға, ақсақалдардың ақыл-кеңесін тыңдауға және үлкендердің өнегелі өмір жолынан тағылым алуға үндеді. Діни насихат барысында кішілерге мейірімділік танытып, олардың дұрыс тәрбие алуына ықпал ету әрбір ересек адамның жауапкершілігі екені де түсіндірілді.

Имам осындай ізгі қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіру арқылы ұлттық құндылықтарды сақтап, қоғамдағы адамгершілік пен өзара құрметті нығайтуға болатынын жеткізді. Тағылымды уағыз соңында жамағатты әрбір істі шынайы ниетпен атқаруға, ас беру дәстүрінде ысыраптан аулақ болуға және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қағидаларын күнделікті өмірде берік ұстануға шақырды.

Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: