Қызылқайнар ауылындағы Бейсеу ата мешітінің имамы Ермуханбет Берсүгір жиналған жамағатқа «Суицид – қоғам дерті» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтып, адам өмірінің қадір-қасиеті мен оны сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Уағыз барысында қоғамда өзекті мәселелердің бірі болып отырған суицидтің алдын алу жолдары мен адамға рухани және психологиялық қолдау көрсетудің қажеттілігі кеңінен түсіндірілді. Имам ислам дінінде адам өмірінің қасиетті саналатынын атап өтіп, қиындыққа тап болған жандарға жанашырлық танытып, олардың мұң-мұқтажына бейжай қарамауға шақырды.
Сонымен қатар отбасындағы татулық, жақындардың қолдауы мен өзара түсіністіктің адамның өмірлік қиындықтарды еңсеруіне ықпал ететіні айтылды. Ермуханбет Берсүгір адамның басына түскен қиындықтарды жалғыз көтермей, сенімді адамдармен сырласып, қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінудің маңыздылығын жеткізді.
Сондай-ақ ата-аналарға балаларымен ашық сөйлесіп, олардың көңіл күйіне назар аудару және қандай жағдай болса да қолдау көрсету қажеттігі түсіндірілді. Уағыз барысында қоғам мүшелерін қиын жағдайға тап болған адамдарды кінәламай, түсіністікпен қарап, мейірімділік пен қамқорлық танытуға үндеді.
Тағылымды кездесудің қорытындысында жамағатқа адам өмірін бағалау, рухани құндылықтарды нығайту және қоғамда өзара қолдау мен жанашырлық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы насихатталды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


21 Қазан 2026
9 Джумада-авваль 1448

