Гродиково ауылындағы Арынғазы мешітінің ұстазы Малик Унгаров мешіт жамағатына діни сауаттылықты арттыру және рухани тәрбиені нығайту мақсатында «Ихсан», «Иман негіздері» және «Фиқһ» пәндері бойынша тұрақты түрде дәрістер өткізіп келеді. Дәрістердің негізгі мақсаты – жамағатқа ислам дінінің негізгі қағидаларын жан-жақты түсіндіріп, діни білімдерін тереңдетуге және алған білімдерін күнделікті өмірде дұрыс қолдануға бағыт-бағдар беру.
«Ихсан» тақырыбындағы сабақтарда мұсылманның рухани кемелденуі, жүрек тазалығы, көркем мінезі мен әрбір амалды шынайы ниетпен орындауының маңыздылығы түсіндіріледі. Ал «Иман негіздері» дәрістерінде сенім мәселелері кеңінен қарастырылып, иманның мұсылман өміріндегі орны мен оның адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудағы рөлі баяндалады.
Сонымен қатар «Фиқһ» сабақтарында құлшылыққа қатысты шариғи үкімдер мен күнделікті өмірде кездесетін діни мәселелер түсіндіріліп, жамағаттың сауатты әрі дұрыс амал етуіне қажетті білім беріледі. Ұстаз Малик Унгаров әрбір дәрісте діни тақырыптарды түсінікті тілмен жеткізіп, олардың өмірлік маңызын нақты мысалдар арқылы ашып көрсетуге баса назар аударады. Жүйелі түрде ұйымдастырылған сабақтар жамағаттың діни сауатын арттырумен қатар, имандылықты нығайтуға, ізгі қасиеттерді қалыптастыруға және ислам құндылықтарын тереңірек тануға ықпал етеді.
Сондай-ақ дәрістер барысында жамағатқа діни білімді сенімді дереккөздерден алудың, үйренген ілімді дұрыс түсініп, оны күнделікті тіршілікте жауапкершілікпен қолданудың маңыздылығы насихатталады. Арынғазы мешітінде тұрақты өткізіліп келе жатқан бұл сабақтар ауыл тұрғындарының рухани дамуына жол ашып, мешіттің діни-ағартушылық қызметін жандандыруға өзіндік үлес қосуда.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


21 Қазан 2026
9 Джумада-авваль 1448

