Қызылдихан ауылындағы Махат ата мешітінің молдасы Ескендір Чалиев жиналған жамағатқа «Мешіт әдептері» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтып, қасиетті құлшылық ордасында сақталуы тиіс әдеп қағидаларын кеңінен түсіндірді. Уағыз барысында мешіттің мұсылман өміріндегі рухани орны мен маңызына тоқталып, оның құлшылық жасауға, діни білім алуға және бауырмалдықты нығайтуға арналған қасиетті мекен екені атап өтілді.
Молда мешітке келушілердің тазалыққа мән беріп, киім кию әдебін сақтауы және өзге жамағатқа құрметпен қарауы ислам мәдениетінің маңызды көріністері екенін жеткізді. Сонымен қатар мешіт ішінде дауысты көтермеу, орынсыз әңгімеден аулақ болу және өзгелердің құлшылығына кедергі келтірмеу қажеттігі түсіндірілді.
Ескендір Чалиев намаз оқушылардың бір-біріне ізет танытып, мешіттің тазалығы мен тыныштығын сақтауға жауапкершілікпен қарауы керектігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ мешітке келген жамағатты өзара сәлемдесуге, жылы қарым-қатынас орнатуға және үлкендерге құрмет, кішілерге ізет көрсетуге шақырды.
Уағыз барысында мешіт әдептерін сақтау адамның жеке тәрбиесін ғана емес, мұсылман қауымының бірлігі мен ынтымағын да айқындайтыны баяндалды.
Молда жамағатқа мешіттің қоғамдық мүлігіне ұқыптылықпен қарап, оның көркеюі мен тазалығына әрдайым үлес қосу сауапты істердің бірі екенін түсіндірді. Тағылымды кездесудің соңында жамағатты мешіт әдебін берік ұстануға, көркем мінезді серік етуге және қасиетті орынның қадір-қасиетін құрметтеуге үндеді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


21 Қазан 2026
9 Джумада-авваль 1448

