Аудандық орталық Бәйдібек мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев мешітке келген жамағатқа «Уақып – сауапты іс» және «Дін – тәрбие негізі» тақырыптарында тағылымды уағыз-насихат жүргізіп, ислам құндылықтарының адам өміріндегі маңызын түсіндірді.
Уағыздың алғашқы бөлімінде уақып ұғымының мәні ашылып, оның қоғам игілігіне бағытталған қайырымдылық пен ізгіліктің маңызды көрінісі екені баяндалды. Бас имам уақыптың мешіттерді көркейтуге, діни-ағартушылық жұмыстарды дамытуға және мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге бағытталатын сауапты амалдардың бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар жамағатқа игілік жолында жасалған қайырымдылықтың қоғамдағы өзара көмек пен бауырмалдықты нығайтуға ықпал ететіні түсіндірілді. Даурен Куттыбаев уақып мәдениетін қалыптастыруда әрбір азаматтың мүмкіндігіне қарай үлес қосуы маңызды екенін айтып, жомарттық пен жанашырлықты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға шақырды. Уағыздың келесі бөлімінде діннің адам тәрбиесіндегі орны сөз болып, исламның адалдыққа, әділдікке, сабырлылыққа және көркем мінезге үндейтін асыл қағидалары кеңінен түсіндірілді.
Имам рухани тәрбиенің адамның ішкі дүниесін байытып, оның отбасымен, жақындарымен және қоғаммен қарым-қатынасын жақсартуға ықпал ететінін жеткізді. Сондай-ақ бала бойына имандылық пен адамгершілік қасиеттерді сіңіруде ата-ананың өнегесі мен отбасы тәрбиесінің маңызы ерекше екені атап өтілді. Кездесу барысында жамағатты діни білімдерін жетілдіруге, қайырымдылық шараларына белсенді қатысуға және қоғам игілігіне бағытталған бастамаларды қолдауға үндеді. Тағылымды басқосуда уақыптың сауапты іс ретіндегі мәні мен діннің тәрбиелік құндылықтары өзара сабақтастықта түсіндіріліп, ізгі амалдардың қоғам бірлігін нығайтудағы рөлі айқындалды.
Уағыз соңында бас имам жамағатты имандылықты өмірлік ұстаным етіп, қайырымдылық пен ізгілікті дәріптеуге және рухани құндылықтарды келер ұрпаққа аманат етуге шақырды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


21 Қазан 2026
9 Джумада-авваль 1448

