Тамды ауылының мәдениет үйінде ауыл имамы Нұрбол Мырзаханұлының қатысуымен рухани-танымдық кездесу өтті. Имам жиналған ауыл тұрғындарына «тәрбиесіз алынған білім — адамзаттың қас жауы» тақырыбында тағылымы мол насихат айтып, білім мен тәрбиенің адам өміріндегі орнына кеңінен тоқталды.
Нұрбол Мырзаханұлы бүгінгі уағызында білімді болумен қатар, көркем мінезді, әдепті әрі иманды болудың маңыздылығын түсіндірді. Рухани құндылықтарды дәріптеп, ізгілік пен имандылықты өмірлік ұстаным етуге шақырды. Тағылымды кездесуге қатысқан ауыл тұрғындары айтылған насихатқа дән риза болып, рухани сусындап, көңілдеріне ой түйді.
Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер халықтың рухани дүниесін байытып, қоғамда адамгершілік пен имандылық құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Білім адамды кемелдікке жетелесе, тәрбие сол білімді ізгілік жолында қолдануға үйретеді. Алла Тағала баршамызға пайдалы білім, көркем мінез, саналы тәрбие нәсіп етіп, жүрегімізге иман ұялатсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!
"Тәңкібай ата" мешіті баспасөз қызметі.


22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

