Әл-Әділ мешітінің жамағатына арналған рухани кездесуде қарияларды құрметтеу, үлкенге ізет көрсету және ізгілік пен мейірімділікті дәріптеу мәселелері кеңінен насихатталды. Кездесу барысында Амиреева Ләззат ұстаз тағылымды уағыз-насихат жүргізіп, Ислам дініндегі ата-ананы сыйлау, қарттарға қамқорлық жасау, олардың көңілін қалдырмай, батасын алудың маңызына тоқталды.
Қартты құрметтеу – жай ғана дәстүр емес, бұл – имандылықтың, адамгершіліктің және жүрек тазалығының белгісі. Үлкенге қызмет ету, жалғызын жұбату, мұңын тыңдау, қажетіне қарай қолдау көрсету – әрбір мұсылманның ізгі міндеттерінің бірі. Өйткені бүгінгі қария – кешегі елдің тірегі, ал ертеңгі қария – бүгінгі ұрпақ. Қарияның батасын алған үйден береке кетпейді. Үлкенін сыйлаған елдің бірлігі бекем, рухы биік, болашағы жарқын болады.
Алла Тағала барша қарияларымызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жүректеріне тыныштық, отбасыларына амандық пен береке нәсіп етсін! Ұрпағының қызығын көріп, әрдайым құрмет пен қамқорлыққа бөлене берсін!


22 Қазан 2026
10 Джумада-авваль 1448

