Қазақ халқының салт-дәстүрінде ас беру – терең мәнге ие рухани әрі қоғамдық ғұрыптардың бірі. Марқұмдарды еске алып, олардың рухына Құран бағыштау, дұға жасау және көпшілікке дастархан жаю – халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүрі. Алайда ас беру кезінде оның шынайы мақсатын ұмытпай, ысырапшылдыққа жол бермеу маңызды.
Құдайы астың мәні неде?
Құдайы ас берудің негізгі мақсаты – көпшіліктің басын қосып, дүниеден өткен марқұмға Құран бағыштау, дұға жасау және Алла Тағаладан оның күнәларын кешіріп, рақымына бөлей гөр деп тілеу. Сонымен қатар бұл – артында қалған ұрпақтың марқұмды еске алып, жақын-жуықпен араласып, туыстық байланысты нығайтатын сәті. Ислам дінінде қайтыс болған мұсылман үшін дұға жасап, оның атынан садақа беру – сауапты амалдардың қатарынан саналады. Сондықтан құдайы ас өткізгенде басты назар дастарханның молдығына емес, ниеттің тазалығы мен жасалған дұғаға аударылуы керек.
Қазақ дәстүріндегі ас беру
Қазақ халқының дәстүрінде марқұмды еске алуға арналған үш күндік, жетілік, қырқындық, жүздік және жылдық астар бар. Мұндай жиындарда туған-туыс, көрші-қолаң мен жамағат бас қосып, марқұмды еске алады. Тарихымызда елге еңбегі сіңген хандарға, батырларға, билерге, ақындарға және басқа да көрнекті тұлғаларға арнап ас беру дәстүрі де кеңінен таралған. Мұндай жиындар халықтың бірлігін нығайтып, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыруға қызмет еткен.
Дегенмен дәстүрдің сыртқы көрінісінен бұрын оның ізгі мақсатын түсіну қажет. Ас беру адамдар арасындағы сыйластық пен татулықты арттырып, марқұмды жақсы істерімен еске алуға себеп болуы тиіс.
Шариғаттағы құдайы астың орны
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әзірлеген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында қайтыс болған адамның атынан ас беру шариғатта міндетті парыз амалдарына жатпайтыны айтылған. Яғни ас бермеген адам күнәлі болып саналмайды. Сонымен қатар исламда садақа беру мен мұқтаж жандарға тамақ ұсынудың сауапты іс екені баяндалады.
Кітапта ас беру кезінде ысырапқа жол бермеу қажеттігі де атап көрсетілген. Бұл – әрбір мұсылман назарда ұстауы тиіс маңызды қағида.
Сондықтан құдайы ас өткізу үшін шамадан тыс шығындалып, қарызға бату немесе отбасының күнделікті қажеттілігіне арналған қаражатты жұмсау міндетті емес. Әркім өз мүмкіндігіне қарай әрекет етіп, шама-шарқына сай ас бергені жөн.
Ас беру мәдениеті – ысыраптан сақтану
Қазіргі қоғамда ас беру мәдениетіне ерекше мән беру қажет. Кей жағдайда көпшілік алдындағы абыройды ойлап, шамадан тыс дастархан жаюға, қымбатшылыққа ұмтылуға немесе өзгелермен бәсекелесуге жол беріледі. Алайда мұндай әрекеттер құдайы астың негізгі мақсатына сай келмейді.
Ислам діні үнемшілдікке, ізгілікке және шамаға қарай әрекет етуге үндейді. Сондықтан ас беру кезінде дастарханның сән-салтанатынан гөрі, марқұмға жасалған дұға, берілген садақа және адамдарға көрсетілген құрмет маңызды. Егер асқа жұмсалатын қаражаттың бір бөлігін мұқтаж жандарға көмектесуге, жетім-жесірлерге қолдау көрсетуге немесе қайырымдылыққа бағыттау мүмкіндігі болса, бұл да игілікті істің бірі.
Қорытынды
Құдайы ас – марқұмды еске алып, оның рухына дұға бағыштауға арналған игі дәстүр. Оның мәні мол дастарханмен немесе жұмсалған қаражаттың көлемімен өлшенбейді. Ең бастысы – ниеттің дұрыстығы, дұға-тілектің шынайылығы, туыстық байланыстың нығаюы және қоғамдағы бірліктің сақталуы.
Дәстүр мен дін сабақтастығын сақтай отырып, ас беру мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Ас беруде ысырапқа жол бермей, шариғат талаптарын ескеріп, ізгілік пен қарапайымдылықты басшылыққа алу қажет.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


21 Қазан 2026
9 Джумада-авваль 1448

