Той – тағылым мен тәрбие ортасы

Той – тағылым мен тәрбие ортасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқының өмір салтында тойдың орны ерекше. Той – ағайынның басын қосып, ағайын-туыстың арасын жақындастыратын, қуанышты бөлісіп, ізгі тілектер айтылатын берекелі басқосу. Ұлтымыз ежелден қуанышын көппен бөлісіп, жақсылығын жұртпен бірге атап өткен. Алайда тойдың мәні тек думан мен дастарқанға ғана тірелмейді. Оның тереңінде ұрпаққа үлгі болар тағылым мен тәрбие жатыр.

Тойдың көркі – сән-салтанатта емес, өнегелі сөз бен ізгі ниетте. Қазақтың дәстүрлі тойларында үлкендер бата беріп, ақсақалдар ақылын айтып, жастарға жөн сілтеген. Жаңа отау құрған жастарға отбасының қадірі, сыйластық пен жауапкершіліктің маңызы түсіндірілген. Осылайша той қуанышты сәт қана емес, тәлім-тәрбие беретін рухани ортаға айналған.

Ислам діні де адамдар арасындағы татулықты, мейірімділікті, өзара сыйластықты жоғары бағалайды. Қуанышты бөлісу, ағайынмен араласу, мұқтаж жандарды қуанышқа ортақ ету – ізгі амалдардың қатарынан. Дегенмен кез келген қуаныш шариғаттың талаптарына сай, ысырап пен мақтаннан алыс болғаны жөн.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят), – деп ескертеді.

Бұл аят той жасауда да үнемшілдік пен жауапкершіліктің маңызды екенін аңғартады. Бүгінде кейбір отбасылар тойды елден қалмау немесе өзгелерден асып түсу үшін өткізеді. Соның салдарынан қарызға батып, шамасынан тыс шығынға ұшырайтын жағдайлар кездеседі. Мұндайда тойдың шынайы мақсаты ұмытылып, даңғаза мен бәсекелестік алдыңғы орынға шығады.

Негізінде, тойдың берекесі дастарқанның молдығымен немесе қонақ санының көптігімен өлшенбейді. Оның қадірі – ақ ниетте, ағайынның амандығында, айтылған өнегелі сөзде және жасалған дұғада. Қуаныш үстінде мұқтаж жандарды да ескеріп, үлкендерге құрмет көрсетіп, жастарға үлгі болу – халқымыздың ізгі дәстүрін жалғастырудың жолы.

Сонымен қатар той барысында әдеп пен тәртіп сақталып, артық мақтан, орынсыз жарыс, шектен тыс шығын секілді әрекеттерден аулақ болған жөн. Әрбір отбасы тойды өзінің жағдайына қарай ұйымдастырып, өзгелерге ауыртпалық түсірмеуді ойлауы қажет. Өйткені берекелі өмірдің негізі – байлықты көрсету емес, барға шүкір етіп, жақсылықты бөлісе білу.

Қорыта айтқанда, той – тек көңіл көтеретін мереке емес, ұлттық құндылықтар мен діни-адамгершілік тәрбиені ұштастыратын орта. Тойымыз тағылымды сөзге, ізгі тілекке, үлкенге құрмет пен кішіге ізетке толы болса, оның тәрбиелік мәні де арта түседі. Дәстүрімізді дәріптеп, ысыраптан сақтанып, қуанышымызды берекеге айналдыра білсек, тойдың шынайы қадірін сақтағанымыз.

Ержан Көшкімбай

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: