Қазақ халқының сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ізгі дәстүрлерінің бірі – құдайы ас беру. Бұл – өмірден өткен жақындарын еске алып, марқұмның рухына Құран бағыштау, дұға жасау, ағайын-туыстың басын қосып, бірлікті нығайтудың көрінісі. Құдайы ас – даңғаза мен даңқтың емес, ықылас пен ізгіліктің, сабыр мен сауаптың жолы. Алайда соңғы уақытта кейбір ортада ас беруді бәсекеге айналдыру, дастарқанның молдығымен, ас мәзірінің көптігімен, өткізілген шараның ауқымымен жарысу секілді түсініктер кездесіп жатады. Бірі асын өзгеден асырып өткізуге тырысса, енді бірі елдің сөзіне қалмауды ойлап, шамасы жетпесе де қарызға батып, артық шығынға ұрынады. Мұндай әрекеттер құдайы астың негізгі мақсатына көлеңке түсіреді.
Ислам діні ысырапшылдыққа жол бермей, әр істі шамаға қарай атқаруға үндейді. Құран Кәрімде «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят) деп баяндалған. Бұл аят мұсылман баласына барлық жағдайда үнемшілдік пен қанағатты ұстанудың маңызын еске салады. Марқұмның атынан ас берудің мақсаты – елге көрсету немесе абырой жинау емес, Алланың разылығын көздеп, сауапты амал жасау. Дұға бағыштау, Құран оқу, мұқтажға жәрдем беру, садақа тарату – марқұмды еске алудың ізгі жолдары. Мұндай амалдардың барлығы шынайы ықыласпен атқарылғанда ғана өзінің рухани мәнін аша түседі.
Ас беру үшін қарызға кіру немесе отбасының жағдайын қиындату міндет емес. Әр отбасы өз мүмкіндігіне қарай әрекет еткені жөн. Дінімізде адамға шамасынан тыс міндет жүктелмейді. Сондықтан жұрттың пікірінен қорқып, өзгелермен бәсекелесу үшін артық шығынға бару дұрыс түсінік емес. Керісінше, қарапайымдылықты сақтау, барды бағалау және қолда барды орнымен пайдалану – парасаттылықтың белгісі.
Құдайы ас кезінде жиналған жұрт марқұмның жақсы қасиеттерін еске алып, өнегелі әңгіме айтып, дұғаға қол жайса, оның тәрбиелік мәні арта түседі. Ал дастарқан басындағы әдеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ағайын арасындағы татулық пен өзара көмек – халқымыздың асыл құндылықтары. Бұл ретте ас беру мәдениетін қалыптастыруда имамдар мен ақсақалдардың, зиялы қауым өкілдерінің және әрбір отбасының жауапкершілігі зор. Халыққа құдайы астың діни мәнін түсіндіріп, ысырапшылдықтың алдын алу, қарапайым әрі берекелі дастарқанның үлгісін көрсету – ортақ міндет.
Ұрпаққа қалдыратын өнегеміз қымбат дастарқанмен немесе өткізілген астың көлемімен өлшенбейді. Нағыз өнеге – марқұмның жақсы атын сақтау, артында қалған ұрпағына қолдау көрсету, мұқтаж жандарға көмектесу және қоғамдағы бірлікті нығайту.
Қорытындылай келе, құдайы ас – жарысатын орын емес, сауап іздейтін мүмкіндік. Оның қадірі ас мәзірінің көптігімен емес, дұғаның ықыласымен, ниеттің тазалығымен және адамдарға тигізген пайдасымен өлшенеді. Сондықтан әрбір мұсылман құдайы ас өткізгенде даңғазаға емес – дұғаға, бәсекеге емес – берекеге, ысырапқа емес – сауапқа мән бергені жөн.
Бақытбек Бауыржанұлы
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Тегістік ауылы «Тегістік» мешітінің имам


21 Қазан 2026
9 Джумада-авваль 1448

