Қазақ халқы қашанда үлкенді сыйлап, қарияны құрметтеуді адамгершіліктің асыл қасиеті деп білген. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген нақыл сөздер халқымыздың өмірлік ұстанымына айналған. Өйткені қариялар – отбасының берекесі, елдің шежіресі, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсететін асыл қазына.
Ислам дінінде үлкенді сыйлау, қарттарға қамқорлық таныту және ата-ананың қадірін білу ерекше маңызға ие. Қасиетті Құранның «Исра» сүресінің 23-аятында Алла Тағала ата-анаға жақсылық жасауды бұйырып, оларға «түһ» деп те айтпауға және зекімеуге үндейді. Керісінше, оларға ізетті сөз сөйлеуді ескертеді.
Бұл аят ата-ананы құрметтеудің, оларға мейіріммен қараудың және қартайған шағында қамқор болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кішімізге мейірімділік танытпаған және үлкеніміздің қадірін білмеген адам бізден емес», – деген. (Тирмизи риуаят еткен хадис)
Бұл өсиет мұсылманның бойында мейірімділік пен үлкенге құрмет қатар болуы керектігін аңғартады. Қарияға ізет көрсету – тек әдептіліктің белгісі емес, рухани тәрбиенің де көрінісі.
Қарттар – талай белесті артқа тастап, өмірдің ащысы мен тұщысын көрген, мол тәжірибе жинақтаған жандар. Олардың әрбір ақыл-кеңесі мен өнегелі әңгімесінде кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық мән бар. Сондықтан қарияның батасын алу, әңгімесін тыңдау, жағдайын сұрап, көңілін бөлу – ізгілікке бастайтын амалдар.
Қарт адамның көңілін табу үшін үнемі үлкен сыйлық жасаудың қажеті жоқ. Жылы сөз айту, хал-жағдайын сұрау, қажет кезінде қол ұшын созу да үлкен қамқорлықтың белгісі. Кейде бір ауыз жылы сөз бен шынайы ықыластың өзі қарияның көңіліне қуаныш сыйлайды. Әсіресе ата-ананың қартайған шағында оларға қамқор болу – перзенттік борыш. Адам баласы ата-анасының еңбегін ешқашан ұмытпай, олардың алдындағы міндетін мейіріммен, сабырмен және құрметпен орындауы қажет.
Қариясын қадірлеген қоғамның рухани негізі берік болады. Үлкенге құрмет көрсеткен баланың бойында ізет пен мейірім қалыптасады. Ал ата-анасына қамқорлық жасаған ұрпақ кейінгі буынға жақсы үлгі көрсетеді.
Қорыта айтқанда, қарияларды құрметтеу – ұлттық тәрбиеміздің де, исламдық құндылықтарымыздың да маңызды бөлігі. Қарттарға қамқорлық танытып, батасын алу, көңілін қалдырмау және жалғызсыратпау – әрбір адамның адамгершілік міндеті.
Алла Тағала барша қарияға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасының амандығы мен көңіл тыныштығын нәсіп етсін! Ұрпағының қызығын көріп, әрдайым құрмет пен қамқорлыққа бөленуін жазсын.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


01 Қараша 2026
20 Джумада-авваль 1448

