Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат қазына, сүйіспеншілік пен жылулықтың мекені. Ол – адамның тұлғалық қалыптасуына, рухани дамуына және өмірлік құндылықтарының орнығуына ықпал ететін алғашқы тәрбие ордасы. Отбасында өзара құрмет, жауапкершілік, мейірімділік, сабыр мен кешірім секілді ізгі қасиеттер қалыптасады.
Отбасының берік болуы – қоғам тұрақтылығының маңызды негіздерінің бірі. Ата-анаға құрмет көрсету, перзент тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, ерлі-зайыптылардың бір-біріне түсіністікпен қарап, өзара сыйластықты сақтау – әрбір отбасы мүшесінің міндеті. Сондықтан отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбиені насихаттау және ізгі дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – қоғамның рухани дамуына қосылған үлкен үлес.
Ислам діні отбасын ерекше қадірлі құндылық ретінде қарастырады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Сендер тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік орнатқаны да – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят), – деп баяндайды.
Бұл аят отбасының негізінде сүйіспеншілік пен мейірімділік жатуы керектігін көрсетеді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне құрметпен қарап, қиындықта қолдау көрсетіп, кешірім мен сабырды серік етуі қажет. Шаңырақтағы татулық пен түсіністік – отбасы берекесінің басты себептерінің бірі.
Ата-ананың перзентіне деген мейірімі мен жанашырлығы – бала тәрбиесінің берік тұғыры. Ал перзенттің ата-анасын құрметтеп, олардың ризашылығын алуға ұмтылуы – имандылық пен көркем мінездің белгісі. Алла Тағала Құранда ата-анаға жақсылық жасауды бұйырып:
«Ата-анаға жақсылық жасаңдар» («Исра» сүресі, 23-аят), – деп ескертеді.
Отбасы – адам тәрбиесінің алғашқы мектебі, ал ата-ана – сол мектептің басты ұстазы. Перзентке қалдыратын ең үлкен мұра – дүние-мүлік емес, иман, көркем мінез, жақсы тәрбие мен өнегелі өмір салты. Сондықтан ата-ана баласына ақыл айтумен ғана шектелмей, өз іс-әрекеті арқылы үлгі көрсетуі қажет.
Өйткені бала көбіне ата-анасының айтқанынан бұрын, жасаған ісіне қарап бой түзейді. Үйдегі әрбір жылы сөз, үлкенге көрсетілген құрмет, кішіге жасалған қамқорлық пен ізгі амал – бала тәрбиесіне берілген құнды сабақ.
Сонымен қатар ұлттық дәстүр мен ислам құндылықтарын сабақтастыра білу – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды міндет. Жеті атаны білу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, туыстық байланысты сақтау, ағайын арасындағы татулықты нығайту – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өнегелі дәстүрлері. Мұндай құндылықтар Құран мен сүннеттегі ізгілік, сыйластық және туыстық қатынасты сақтау қағидаларымен үндеседі.
Берекелі отбасы – тек бір шаңырақтың емес, тұтас қоғамның берекесіне әсер етеді. Отбасында көрген тәрбиесін бойына сіңірген бала ертең елге қызмет ететін, қоғамға пайдасын тигізетін саналы азамат болып қалыптасады.
Ендеше, әр шаңырақта Құран мен сүннеттің тағылымы, ата-ананың өнегесі және ұлттық тәрбиенің мәйегі өзара сабақтасып жатсын. Отбасымызда сүйіспеншілік пен мейірім, өзара құрмет пен кешірім, сабыр мен жауапкершілік салтанат құрсын.
Алла Тағала барша отбасыларымызға береке мен бірлік нәсіп етіп, шаңырақтарымызды шаттыққа бөлесін! Перзенттерімізді иманды, тәрбиелі, білімді, көркем мінезді, елге және қоғамға пайдалы азаматтардан етсін. Ұрпағымыз ата-анасын ардақтап, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсетіп, атадан балаға жалғасқан ізгі дәстүрлерді дәріптейтін өнегелі ұрпақ болсын. Әмин!
Есет Тұрдыбайұлы
Жуалы аудандық мешітінің бас имамы


21 Қазан 2026
9 Джумада-авваль 1448

