Қордай ауданында дін қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіруге арналған кезекті оқыту семинары өз мәресіне жетті. Тағылымды шара қорытындысы бойынша ауданға қарасты мешіттердің 110 имам-молдасы арнайы емтиханнан өтіп, білім деңгейлерін сарапқа салды.
Сынақ барысында дін мамандары Құран оқу әдебі мен тәжуид қағидалары, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген ресми құжаттар мен тұжырымдамалар бойынша кешенді тексеруден өтті.
Дін қызметкерлерінің білімін саралайтын қазылар алқасының құрамында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлы және облыстық «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің наиб имамдары Бахтияр Амиреев пен Әбдіқадір Сейтқали, Нұрлан Мұрат, "Һибатулла Тарази" қайырымдылық мекемесінің директоры, қари Бірлік Амангелді болды. Арнайы комиссия мүшелері әр қызметкердің діни сауаты мен ресми құжаттарды меңгеру деңгейіне жіті назар аударып, баға берді.
Сынақты сәтті тапсырып, жоғары көрсеткіш көрсеткен дін қызметкерлеріне арнайы сертификаттар табысталады. Мұндай оқыту семинарлары өңірдегі имам-молдалардың діни әлеуетін арттырып, жамағатқа сапалы әрі дұрыс уағыз-насихат жеткізуге серпін береді.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



21 Қазан 2026
9 Джумада-авваль 1448

