Шу ауданында 18 қазан – Рухани келісім күніне орай мешіт жамағаты мен дін қызметкерлері арасында кіші футболдан облыстық жарыс өтті. Спорттық доданың негізгі мақсаты — имамдар мен жамағат арасындағы ауызбіршілікті нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және өзара бауырмалдықты арттыру.
Алаңда облысқа қарасты барлық ауданнан келген құрамалар бас қосып, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті.
Тартысқа толы кездесулер қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
-
І орын: «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің командасы (Бас имам мен наиб имамдар бастаған ұжым)
-
ІІ орын: Талас ауданының құрамасы
-
ІІІ орын: Меркі ауданының командасы
Ойын барысында шеберлігімен дараланған ойыншылар жеке аталымдар бойынша марапатталды:
-
«Үздік қақпашы» — Ерболат Боханов («Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің ұстазы)
-
«Үздік қорғаушы» — Сүлейман Быйшанло
-
«Үздік шабуылшы» — Нұрболат Пернебаев (Байзақ ауданының имамы)
-
«Көрермен көзайымы» — Қуаныш Түзелбеков (Тұрар Рысқұлов ауданы)
Жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталса, үздік үштікке ілікпеген барлық командаларға арнайы сертификаттар мен қаржылай ынталандыру сыйлықтары берілді.
Спорттық сайыстан соң қатысушыларға арналып ақ дастархан жайылды. Басқосу барысында жиналғандар тағылымды уағыз тыңдап, қоғамдағы ынтымақ пен рухани келісімнің, татулық пен бірліктің маңызы туралы ой өрбітті.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі



19 Қазан 2026
7 Джумада-авваль 1448

