Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы «Толымбайтегі Зиябек» мешітінің Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Отбасы құндылығы» атты тағылымды кеш өтті.
Іс-шараны Әйел-қыздар секторының меңгерушісі, ұстаз Смағанбетова Клара ұйымдастырды. Кеш барысында отбасы құндылығы, әйел адамның отбасы берекесіндегі орны және білім алудың маңызы туралы тағылымды әңгімелер айтылды.
Шараға арнайы қонақ ретінде Жамбыл облысы Әйел-қыздар секторының меңгерушісі, ұстаз Жазира Иманалиева қатысып, қыз-келіншектерге отбасы берекесі мен жарастығы жайында ғибратты уағыз айтты. Сондай-ақ ілім алудың артықшылығына тоқталып, білім іздеудің маңызын атап өтті.
Өз кезегінде ұстаз Смағанбетова Клара отбасы берекесінде әйел адамның орны ерекше екенін айтып, қыздарды білімді, ақылды әрі парасатты болуға үндеді.
Тағылымды кеш соңында қатысушыларға дастарқан жайылып, оқушылар өзара пікір алмасты. Жылы әрі мазмұнды өткен шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.


06 Қазан 2026
23 Раби-сани 1448

