Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бастамашы болған «Дархан дала» отандық туризм жобасы аясында Жамбыл облысының дін қызметкерлері Түркістан облысындағы тарихи орындарға рухани-танымдық сапар жасады.
Діни және тарихи сабақтастықты жаңғырту, ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың ғибратты ғұмырын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сапарға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы бастаған облыстың наиб имамдары мен Тараз қаласының мешіт имамдары қатысты.
Сапардың алғашқы бекеті ретінде дін өкілдері көне Отырар жеріндегі Арыстан баб кесенесіне ат басын бұрды. Кесене басында асыл дініміздің өркендеуіне, ел бірлігі мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан бабалар рухына қасиетті Құран аяттары оқылып, дұға бағышталды. Сонымен қатар, имамдар кешен жанындағы мұражайды аралап, ортағасырлық жәдігерлермен, тарихи қолжазбалармен және Арыстан бабтан қалған рухани мұралармен жақыннан танысты.
Бас имам Асқар Зәкіржанұлы сапардың маңызына тоқтала келе:
«"Дархан дала" жобасы – өткенімізді бағамдап, бүгінімізге шүкір етуге, туған жердің рухани байлығын тануға зор мүмкіндік. Арыстан баб секілді ұлы ұстаздар мен ғұламалардың жүріп өткен жолы бүгінгі дін қызметкерлері үшін үлкен өнеге. Мұндай танымдық сапарлар дін қызметкерлерінің рухани әлеуетін арттырып қана қоймай, жамағатқа бабалар аманатын дұрыс жеткізуге серпін береді», – деп атап өтті.
Рухани сапар барысында дін өкілдері тарихи жәдігерлердің сырына үңіліп, өңірдегі өзге де тарихи орындардың шежіресін зерделеді. «Дархан дала» жобасы аясындағы танымдық сапарлар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



06 Қазан 2026
23 Раби-сани 1448

