Отбасы күніне орай Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлы жаңа шаңырақ көтерген отбасына арнайы барып, отбасы құндылықтары, ер азамат пен әйел затының өзара ақылары мен міндеттері жайлы насихат айтты. Насихат барысында ислам дінінде отбасының орны ерекше екеніне тоқталып, ерлі-зайыптылардың бір-біріне құрметпен қарап, өзара түсіністік пен сабырды сақтауының маңыздылығын түсіндірді.
Ер азаматтың отбасының жауапкершілігін мойнына алып, зайыбы мен бала-шағасына қамқор болуы, ал әйел адамның шаңырақтың берекесін сақтап, отбасылық татулыққа үлес қосуы қажеттігі айтылды. Сонымен қатар аудан бас имамы дүниеге келген сәбиге азан шақырып, ат қойды.
Сәбиге ақ тілегін білдіріп, оның дені сау, ғұмыры ұзақ, иманды әрі ата-анасына қуаныш сыйлайтын перзент болып өсуін тіледі. Бұдан бөлек, аудан бас имамы Мұхаммад және Дінмұхаммед есімді екі сәбидің тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Қазақ халқының дәстүрінде тұсаукесер – баланың өмір жолына алғашқы қадамын нық басып, алға қарай жақсы ниетпен қадам басуына арналған тағылымды дәстүр. Осы орайда Азамат Берікұлы қос бүлдіршіннің тұсауын кесіп, олардың болашағына ақ жол тіледі. Бас имам сәбилердің дені сау болып өсіп, ата-анасына қуаныш сыйлайтын, ел-жұртына пайдасы тиетін иманды да тәрбиелі азамат болуын тілеп, батасын берді.
Ізгі шара барысында отбасы құндылықтары мен ұлттық дәстүрдің сабақтастығы дәріптеліп, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие берудің маңыздылығы айтылды. Соңында отбасыларға амандық, шаңырақтарына береке, ал балаларға ұзақ ғұмыр мен жарқын болашақ тілеп, дұға жасалды.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



29 Қазан 2026
17 Джумада-авваль 1448

