Бүгін, қасиетті жұма күні Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» орталық мешітінде айтулы оқиға өтті. Мешіт жамағатының алдында Құран Кәрімді толық жаттап шыққан 18 жастағы қари Таурат Арқалыққа арнайы сертификат табысталды.
Жас қаридың қуанышымен бөліскен ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы шәкіртті арнайы құттықтап, жамағат атынан Ұмра қажылығына жолдама сертификатын салтанатты түрде ұсынды. Сондай-ақ «Һибатулла Тарази» қайырымдылық мекемесінің директоры, шәкірттің ұстазы, қари Бірлік Амангелді де жас қариға ақ батасын берді. Жамағат жас жігіттің бұл жетістігіне сүйсініп, ізгі тілектерін жаудырды.
Таурат Арқалықтың бұл жолға келу тарихы да өзгеше. Ол бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өрт сөндіру кадеттік бағытында білім алып жүрген жерінен жүрек қалауымен Құранға бет бұрған. 2023 жылы қасиетті кітапты жүйелі жаттауға кірісіп, параларды бекіту мен қайталау кезеңдерін сәтті аяқтап, 2026 жылы Құранды бастан-аяқ жаттап шықты.
Ұстазы Бірлік қари шәкіртінің алдағы жоспары мен болмысы туралы:
«Таураттың Құранға деген ықыласы ерекше болды. Ол үш жыл бойы тынымсыз еңбектенді. Алдағы қасиетті Рамазан айында Тараз қаласындағы мешіттердің бірінде Тарауық намазында Құран хатым етуді жоспарлап отырмыз. Таурат — өте салмақты, байсалды жігіт. Болашақта Құранды жаттап қана қоймай, оған шынайы амал ететін, елге үлгі боларлық тұлғалардың қатарынан көрінеді деген үлкен үмітім бар», — деп атап өтті.
Алла Тағала жас қаридың жаттаған Құранын жүрегіне бекітіп, елімізге пайдалы, дініне адал қызмет ететін тұлға болуын нәсіп етсін.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.