Қордай ауданы, Әлжан ана ауылындағы бейітке апаратын жолдарды абаттандыру және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игі бастамаға «Әлжан ана» мешітінің имамы Аманбаев Саламат ұйытқы болып, жөндеу жұмыстарына демеушілер қолдау көрсетті. Аталған жұмыстарға жалпы 500 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалды.
Жөндеу барысында бейітке апаратын жолдарға топырақ төселіп, жолдың жүруге қолайлы болуы үшін тегістеу жұмыстары жүргізілді. Құрылыс материалы арнайы «Хова» жүк көлігімен жеткізілді. Жалпы 20 рейс жасалып, әр рейсте шамамен 15 тоннадан топырақ тасымалданды.
Бұл жұмыстар бейітке зиярат ететін тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталды. Сонымен қатар қорым аумағын күтіп ұстау, тазалық пен тәртіпті сақтау – елді мекендегі ортақ жауапкершіліктің бірі екені атап өтілді.
Жол жөндеу жұмыстарының жүзеге асуына демеушілік жасап, ел игілігіне үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіреміз. Алла Тағала жасаған қайырлы істеріңізді қабыл етіп, берген садақаларыңызға еселеп сауап жазсын. Дүниелеріңізге береке, отбасыларыңызға амандық, ел-жұртымызға тыныштық пен ынтымақ нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



29 Қазан 2026
17 Джумада-авваль 1448

