Тараз қалалық «Әулие Ата» мешітінде әйел-қыздар жамағатына арналған «Әсем киім – әйел ажары» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.
Ашық сабақ барысында ұлттық киімнің халқымыздың мәдениеті мен рухани мұрасындағы орны, оның тәрбиелік мәні және ұлттық болмысты танытудағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Қазақ халқының дәстүрлі киім үлгілері, олардың ерекшеліктері мен әйел адамның көркіне, әдебіне және ұқыптылығына қатысты ұстанымдары сөз болды.
Сонымен қатар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының тәрбиелік мәні туралы айтылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, отбасылық тәрбие мен қыз баланың әдебіне ерекше мән берудің маңыздылығы түсіндірілді.
Сабақ барысында ұлттық салт-дәстүр мен ислам құндылықтарының сабақтастығына да тоқталып, шариғатқа қайшы келмейтін ізгі дәстүрлерді дәріптеу – ұлттық тәрбиені сақтаудың маңызды жолдарының бірі екені атап өтілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – әйел-қыздар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақы әдеп пен көркем мінезді дәріптеу, ұлттық киім мәдениетіне деген қызығушылықты арттыру және дәстүрлі тәрбиенің маңызын кеңінен түсіндіру.
Шара соңында қатысушылар тақырып аясында пікір алмасып, ұлттық мұраны дәріптеу мен кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.


29 Қазан 2026
17 Джумада-авваль 1448

