Қордай ауданында аудандық «Қордай» мешітінің ұстазы Эльмира Аманқожақызының ұйымдастыруымен әйелдер мен қыз-келіншектер жамағаты арасында алғаш рет «Әсем киім – әйел ажары» тақырыбында сән байқауы өткізілді.
Байқаудың мақсаты – қазақ халқының ұлттық киімдерін дәріптеу, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін насихаттау және дәстүрлі құндылықтарды кейінгі ұрпаққа таныту. Шара барысында қазақы ұлттық нақышта тігілген көйлектер, камзолдар мен шапандар көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ әжелердің дәстүрлі кемешектері мен шапандары көрсетіліп, ұлттық киімнің өзіндік ерекшелігі мен жарасымды үлгілері таныстырылды. Байқауда ауданымыздағы «Бетқайнар» колледжінің ұлттық үлгіде әзірлеген әйелдер мен қыздарға арналған көйлектері мен шапандары ерекше сән-салтанатымен көзге түсті.
Колледж оқушылары ұсынған салтанатты киім үлгілері жамағаттың көңілінен шығып, шараның көркін аша түсті. Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық киімнің тәрбиелік және мәдени мәніне тоқталып, қазақы әдеп пен ұлттық болмысты дәріптеудің маңызын атап өтті. Шара соңында қатысушыларға алғыс айтылып, игі тілектер білдірілді.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



29 Қазан 2026
17 Джумада-авваль 1448

