Құран оқудың пайдасы

Құран оқудың пайдасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Құран Кәрім Алла Тағаланың тарапынан жіберілген иләһи кітап. Нақты айтқанда, Алла Тағаланың адамдардың ақиқат аясында өмір сүрулері, екі өмірдің бақытына жетулері үшін шырақ етіп түсірген қасиетті кітабы.

Біздің бабаларымыз Ислам дінін жүрекпен қабылдап, Құранды тек қасиетті кітап деп қана емес, өмірлік серік, тәрбие құралы және даналық көзі ретінде ардақтаған. Дана Абай да: "Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас",- деп Құранның хақ екендігін айтқан.

   Біз бүгінгі мақаламызда Құран Кәрімді оқудың сауаптары жайында сөз еткенді жөн санадық. Әрбір мұсылман Құранды өзі ғана оқып үйреніп қоймай, оны өзгелерге де үйретуге міндетті. Себебі, Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзінің хадис-шәрифінде: "Сіздердің іштеріңіздегі ең жақсыларыңыз - Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз",-деген.

Құрансыз өмірдің бос өмір екендігін әрбір мұсылман жақсы түсінуі керек. Құран оқылмаған үйде, жерде, елде береке, тыныштық болмайды. Пайғамбарымыз с.ғ.с. бұл туралы тағы бір хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі, Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй қиыншылықтан көз ашпайды",- дейді. Яғни ондай үйде тыныштық болмайды. Құрансыз дүниедегі ешбір нәрсе адам баласын бақытты ете алмайды. Отбасында тыныштық, татулықты тек Құран ғана бере алады. Әсіресе қазіргі заманда болып жатқан әлеуметтік құбылыстарға зер салсақ, отбасы мүшелері арасындағы түрлі араздасулар, келіспеушіліктер, ұрыс-керістердің көпшілігі дін жолын ұстанбайтын, Құран оқылмайтын үйлерде, отбасыларда болады. Құран оқылған үйге Алла тағаланың шексіз мейірім, рахымы жауады. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз заманында ажырасулар, ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, әке мен бала арасында талас-тартыс өте аз ұшырасқан, себебі олар Құран жолымен өмір сүрген, Құранды үйреніп, бала-шағаларына үйретіп отырған. Әрбір мұсылман Құранды өзі оқи білген. Сондықтан отбасында береке, жақсылық, бір-біріне деген ізет, құрмет сақталған.

           Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Бір үйде Құран оқылса, аспаннан періштелер енеді. Шайтандар қашады. Үй-ішіне жақсылық, тыныштық енеді, жақсылық көп, жамандық аз болады. Бір үйде Құран оқылмаса, ол жерге шайтандар үйірсектеп, періштелер кірмейді, онда жайсыздық орнайды, жақсылық азайып, жамандық көбейеді",- деген.

Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Құран қарайған жүректерге нұр береді" деп те ескерткен. Құран адамды рухани күйзелістерден, пейілдің тарылуынан сақтайды. Құран өзіне ынтық жандар үшін – үміт бастауы. Құран мұсылмандарға үмітке толы өмір сыйлайды. Пайғамбарымыз тағы да бір хадисінде: "Құран оқу - көңілдің шипасы",- дейді. Рас, Құран қай жерде болса да дертке дауа. Сондай ақ Құран  рухани ауруларға да қарсы шипа көзі. Дәрі-дәрмекпен емделмейтін аурулар Құранмен шипа табады. Мұсылман адам іштей құлазып, көңілін мұң басқанда дереу дәрет алып, Құран оқығаны жөн. Жабырқаудың жалғыз емі - Құран оқу, оқыған Құранды тыңдау.

Құран дауа ретінде түскен. Алла тағала: "Біз Құранда шипа болатын аяттарды түсірдік", - деген. Құран Кәрімде шипалық қасиеттері бар бірнеше аяттар кездеседі. Бұл аяттар -Құранның шипа көзі. Мысалы "Исра" сүресінің 82-аятында: "Мүміндерге рақымы, шипасы бар Құранды түсіреміз. Залымдардың шеккен зияны арта түседі" делінген. Яғни Құранда баяндалған үкімдер – теріс ақида (сенім), жалған көзқарас және жаман мінез-құлық сияқты рухани ауруларға бірден-бір шипа көзі. Оның ішінде Алла тағаланың әмірін орындағандар үшін Құран – рақымдылық пен мейірімділіктің бастауы. Сондықтан Құран – әрі шипа, әрі Жаратушы Иеміздің пенделеріне түсірген рақымы.  Сахаба Абдулла ибн Масғуд р.ғ.: "Құран шапағат етеді, иесіне пайда тигізеді. Сондықтан кімде-кім Құранды жолбасшы етсе, ол оны жәннатқа жетелейді.",-дейді.

 Сондықтан біз, яғни мұсылмандар, Құран оқудың қасиетін жақсы түсіне білуге тиіспіз. Құран Кәрімді жүрегіне бекіткен ең алғашқы адам Пайғамбарымыз с.ғ.с.  болған еді. Одан кейін төрт халифа Әбу Бәкір р.ғ., Омар р.ғ., Осман р.ғ., және Әли р.ғ. еді. Бұлардың ізімен Сағд ибн Әбу Уаққас р.ғ., Абдулла ибн Масғұд р.ғ., Әбу Мұса Әшғари р.ғ., Әбу Һурәйра р.ғ., Мұғаз ибн Жәбәл р.ғ., Убәй ибн Кәғб р.ғ., Әбу Зәрр р.ғ. және Айша анамыз р.ғ. т.б. көптеген саңлақ сахабаларымыздың баршасы Құранды тыңдауға, жаттауға көп амал еткен. Жылда келетін қасиетті Рамазан айында айтылатын жарапазанның  мәтінінің ішінде мынадай бір сөз кездеседі:

"Мұхаммед үмметіне шақыр рамазан,

Шамаң келсе ораза тұт, оқып Құран".

Немесе "Ықылас қып қарсы алыңыз, келсе шамаң,

Мұхаммед үмметіне шақыр рамазан"...

Осы жолдардың ішінде терең діни мән-мағына жатқанын аңғарумызға болады. Яғни, біздің бабаларымыз бұл айды Мұхаммед с.ғ.с. үмметінің айы ретінде ардақтағаны, бұл айда ораза ұстап, көп уақытын Құранға, Құран оқуға бөлгендігін байқауымызға болады.

           Ғұламалардың айтуына қарағанда, Құранның алдында мынадай міндетіміз бар: Құранды тыңдау, Құранды оқу және Құранды жаттау және Құранға амал ету. Сол үшін де баршамыз Құранды әуелі өзіміз үйреніп және сондай ақ кейінгі ұрпаққа, әсіресе балаларымызға үйретсек, Құран оған бәрін үйретеді. Құран оқыған, оны жаттаған бала ешқашан Отанына опасыздық жасамайды. Ата-анасын, туған-туысын құрметтейді. Жұмысын адал істейді. Мұндай адам жамандық жасамайды. Құранға байланған адам қасиетті кітапта жазылған үкімдерді ұстанады. Өйткені күнделікті өміріміздің күллі саласына қатысты Құранның айтар үкімі көп. Толығырақ айтатын болсақ, әр адам баласына керек болған имандылық, адамгершілік, мейірімділік, тәлім-тәрбие т.б. баршасы да Құраннан бастау алады.

Сөз соңында айтарымыз, Құранға ден қойып, талпынып, оны оқуға немесе жаттауға әрекет еткен пендеге Алла Тағала мол сауаптар жазады, яғни сауабы еселене түседі. Жаратушымыз баршамызды Құранға ынтызар болуды, жоғарыдағы айтылған қасиеттерге ие болуды нәсіп етсін!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active