Саудадағы адалдық

Саудадағы адалдық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні адам өмірінің барлық саласына, соның ішінде сауда-саттыққа да ерекше мән береді. Сауда – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын, ризық табатын маңызды жолы. Алайда мұсылман үшін пайда табу ғана емес, сол пайданың адал болуы маңызды. Алла Тағала Құранда: «Өзара малдарыңды әділетсіз жолмен жемеңдер. Бірақ өзара ризалықпен жасалған сауда болса, ол басқа» («Ниса» сүресі, 29-аят). Бұл аят мұсылманға саудада әділдік пен өзара ризалықтың маңызын көрсетеді. Сатушы да, сатып алушы да бір-біріне зиян келтірмей, шынайы келісіммен әрекет етуі керек.

Адал сауда қандай болады?

Адал сауданың ең басты белгілерінің бірі – өтірік айтпау. Тауардың кемшілігі болса, оны жасырып қалмай, сатып алушыға айту қажет. Мысалы, киімнің тігісі сөгіліп тұрса, техникада ақау болса немесе тауардың сапасы төмен болса, оны әдейі жасыру – мұсылманның көркем мінезіне жатпайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Кім бізді алдаса, ол бізден емес». Бұл хадис саудадағы алдаудың қаншалықты ауыр екенін көрсетеді.

Өлшем мен таразыға адал болу

Құранда өлшем мен таразыны кемітуден қатаң ескертіледі. Алла Тағала: «Өлшеуді толық орындаңдар және кемітушілерден болмаңдар» («Шуғара» сүресі, 181-аят). Сондықтан сатушы тауардың салмағын, көлемін, санын дұрыс көрсетуі керек. Біреудің аз ғана ақшасын немесе тауарын әділетсіз жолмен алу – берекеге себеп болмайды.

Адалдық – берекенің себебі

Кейбір адам «алдасам, көбірек пайда табамын» деп ойлауы мүмкін. Бірақ мұсылман үшін ең маңыздысы – көп пайда емес, берекелі ризық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Егер сатушы мен сатып алушы шындықты айтып, тауардың кемшілігі мен артықшылығын ашық көрсетсе, олардың саудасына береке беріледі. Ал егер өтірік айтып, жасырып қалса, саудаларының берекесі жойылады». Демек, адалдық кейде табысты азайтқандай көрінгенімен, оның артында Алланың берекесі болуы мүмкін. Сатып алушы да адал болуы керек Адалдық тек сатушыға қойылатын талап емес. Сатып алушы да саудада әділ болуы қажет. Бағаны әдейі түсіру үшін өтірік айту, сатушыны алдау, алған тауарын себепсіз бүлдіріп қайтару – дұрыс емес. Мұсылман сауда кезінде өзінің пайдасын ғана емес, қарсы алдындағы адамның ақысын да ойлайды.

Қорытынды

Саудадағы адалдық – мұсылманның иманы мен көркем мінезінің көрінісі. Адал сатушының ең үлкен капиталы – оның тауарындағы пайда ғана емес, адамдардың сенімі. Сондықтан сауда жасаған әрбір мұсылман: «Мен бұл істен қанша пайда табамын?» деген сұрақпен бірге «Бұл табысым Алланың алдында адал ма?» деп те ойлануы керек. Адал сауда – адал ризықтың, ал адал ризық – берекелі өмірдің себептерінің бірі. Адамның табысы аз болса да, адал болсын. Өйткені адал келген аз дүние – харам жолмен келген көп дүниеден әлдеқайда қайырлы.

 

 Зейне  Жұмабайұлы

Қордай ауданы, Қордай ауылы,

Барыс мөлтек ауданы «Нұрислам» мешіті имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active