Аудандық Бәйдібек мешітінің наиб имамы Азамат Балхожаев Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен кездесіп, діни сауаттылықты арттыру мақсатында түсіндірме жұмысын жүргізді.
Кездесу барысында діннің адам өміріндегі рухани мәні мен қоғамдағы орны кеңінен түсіндіріліп, ислам дінінің бейбітшілік, ізгілік және өзара құрмет қағидаттарына негізделетіні айтылды.
Наиб имам діни сауаттылықтың қалыптасуы адамның діни мәселелерді дұрыс түсініп, түрлі жалған діни ақпараттар мен теріс көзқарастарға бой алдырмауына ықпал ететін маңызды фактор екенін атап өтті.
Сонымен қатар, дін атын жамылған жат идеологиялардың алдын алу үшін дәстүрлі діни құндылықтарды терең меңгеріп, сенімді әрі дұрыс ақпарат көздеріне жүгінудің қажеттілігіне тоқталды.
Жиын барысында қызметкерлердің діни тақырыптағы сауалдарына жауап беріліп, қоғам тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауда әр азаматтың жауапкершілігі жөнінде мазмұнды пікірлер айтылды.
Азамат Балхожаев мамандық ерекшелігіне сай төтенше жағдай кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлердің адам өміріне деген жанашырлығы мен жауапкершілігі исламдағы адамгершілік құндылықтарымен үндесетінін атап өтті.
Кездесу соңында қатысушыларға діни сауаттылықты үнемі арттырып, отбасылық және қоғамдық ортада өзара сыйластық пен татулықты нығайтуға үлес қосу жөнінде насихат айтылды.
Іс-шара қызметкерлердің діни білімін жетілдіріп, дәстүрлі діни құндылықтарды дұрыс түсінуге және қоғамдағы рухани келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесуге ұласты.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


22 Қыркүйек 2026
9 Раби-сани 1448

