Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы Бәйдібек мешіті жанындағы діни сауат ашу курсының ұстазы Жайна Бекназарова шәкірттерге діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу мәселелерін жан-жақты түсіндіру мақсатында «Діни экстремизм және радикализмнің алдын алу - маңызды міндет» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Ашық сабақтың негізгі мақсаты – білім алушылардың діни сауаттылығын арттырып, дінді бұрмалап түсіндіретін радикалды идеологиялардың ықпалына қарсы иммунитет қалыптастыру және қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың маңызын ұғындыру болды. Сабақ барысында діни экстремизм мен радикализм ұғымдарының мәні түсіндіріліп, олардың қоғамның бейбіт өміріне, ұлттық құндылықтарға және адамдар арасындағы өзара сыйластыққа тигізетін кері әсері жөнінде мазмұнды мәліметтер берілді. Ұстаз діни мәселелерге қатысты кез келген ақпаратты талғаммен қабылдап, күмәнді уағыздар мен сенімсіз дереккөздерге ермей, дінге қатысты білімді білікті мамандардан және ресми әрі сенімді ақпарат көздерінен алудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, қазіргі ақпараттық кеңістікте әлеуметтік желілер арқылы таралатын түрлі діни мазмұндағы материалдарға сыни тұрғыдан қарап, олардың шынайылығы мен мазмұнын саралай білудің қажеттілігі кеңінен түсіндірілді.
Сабақта радикалды идеялардың адамның діни сауатсыздығын немесе ақпаратты саралай алмауын пайдалануы мүмкін екені айтылып, осыған байланысты терең білім мен парасатты ойдың алдын алу шараларындағы маңызды рөлі аталды. Ашық сабаққа қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тақырып аясында пікір алмасты және діни сауаттылықты арттырудың жастардың рухани дүниетанымы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудағы маңызын талқылады.
Жайна Бекназарова сабақ қорытындысында әрбір азаматтың ел тыныштығын сақтауға, қоғамдық келісімді нығайтуға және діни алауыздыққа жол бермеуге жауапкершілікпен қарауы қажеттігін айтып, шәкірттерді білімге, бірлікке және ізгілікке үндеді.
Ашық сабақ білім алушылардың діни сауатын жетілдіріп қана қоймай, олардың радикалды идеологияның ықпалына берілмеу, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау және дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу бағытындағы түсініктерін тереңдеткен мазмұнды ағартушылық шара болды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


22 Қыркүйек 2026
9 Раби-сани 1448

