ЖАМБЫЛ: ӘСЕМ КИІМ - ӘЙЕЛ АЖАРЫ

ЖАМБЫЛ: ӘСЕМ КИІМ - ӘЙЕЛ АЖАРЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы Бәйдібек мешіті жанындағы діни сауат ашу курсының ұстазы Жайна Бекназарова, шәкірттерімен ұлттық киімнің қадір-қасиеті мен тәрбиелік мәнін дәріптеуге арналған «Әсем киім – әйел ажары» атты шара ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық киім үлгілерін насихаттап, қыз-келіншектерге халқымыздың дәстүрлі киім мәдениетінің терең тәрбиелік әрі эстетикалық мәнін түсіндіру болды. Шара барысында ұлттық киімнің халқымыздың тарихы, салт-дәстүрі мен дүниетанымын танытатын мәдени мұра екені айтылып, әрбір ою-өрнек пен әшекейдің өзіндік мән-мағынасы бар екеніне назар аударылды.

Қатысушыларға қазақ әйелдерінің дәстүрлі киімдеріне жататын камзол, кимешек, жаулық және басқа да ұлттық киім үлгілерінің ерекшеліктері таныстырылып, олардың әйел затының әсемдігімен қатар, әдептілік пен инабаттылық ұғымдарымен сабақтасып жатқандығы түсіндірілді.

Жиын барысында ұлттық киімнің тек сәндік сипатқа ие бұйым емес, ұлттың өзіндік болмысын, көркемдік талғамын және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани құндылықтарын айшықтайтын маңызды мұра екені кеңінен сөз болды. Әсіресе, әйел адамның киім кию мәдениетінде көркемдік пен қарапайымдылықты, жарасымдылық пен әдептілікті үйлестіре білудің маңыздылығы айтылып, ұлттық құндылықтарды заман талабына сай дәріптеудің өзектілігі атап өтілді.

Діни сауат ашу курсында білім алып жүрген шәкірттер ұлттық киім арқылы халқымыздың салт-санасын тереңірек танып, атадан балаға жалғасқан дәстүр сабақтастығын сақтаудың әрбір ұрпақ үшін маңызды міндет екенін ұғынды. Сонымен қатар, ұлттық киімді құрметтеу – өткен тарихқа тағзым етумен қатар, жас ұрпақтың бойында елжандылық, ұлттық мақтаныш және туған мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыратын тәрбиелік мәні зор құндылық екені айтылды.

«Әсем киім – әйел ажары» атты мазмұнды шара ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қыз-келіншектердің дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылығын арттырумен қатар, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған тағылымды кездесу ретінде өз мәнін айшықтады.

Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: