Аудандық Бәйдібек мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев мешіт жамағатына уақыптың ислам дініндегі маңызы мен рухани мәнін кеңінен түсіндіру мақсатында жүйелі түрде үгіт- насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.
Кездесулер барысында «Уақып – сауапты іс», «Уақып – қайырлы қарекет» және «Уақып – Алла разы болатын амал» тақырыптары негізінде қайырымдылық пен ізгіліктің қоғамдағы орны жан-жақты баяндалды.
Бас имам уақып жасаудың мұсылман баласына үзілмейтін сауапқа себеп болатын игі амалдардың бірі екенін түсіндіріп, оның адамды жомарттыққа, жанашырлыққа және елге қызмет етуге үндейтінін атап өтті.
Сонымен қатар, уақыптың мешіттер мен діни білім беру орындарының қызметін қолдаумен қатар, әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж жандарға жәрдем көрсетіп, қоғамның әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін маңызды қайырымдылық тетігі екені айтылды.
Даурен Куттыбаев жамағатқа уақып мәселесінде шариғат талаптарын дұрыс түсініп, қаражат пен мүлікті адал жолмен жұмсаудың және ниеттің тазалығын сақтаудың маңыздылығын түсіндірді.
Уақыптың мәні тек материалдық көмек көрсетумен шектелмей, адам игілігіне бағытталған кез келген тұрақты қайырлы істің рухани құндылығын арттыратыны жөнінде мазмұнды кеңестер берілді.
Кездесу барысында жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, уақыпқа қатысты мәселелер бойынша діни тұрғыдан дұрыс бағыт-бағдар көрсетілді.
Бас имам мұсылман қауымын қолындағы мүмкіндігін ізгілікке жұмсап, қоғамға пайдасы тиетін қайырлы бастамаларды қолдауға және өзара жәрдемдесу мәдениетін қалыптастыруға шақырды.
Сондай-ақ, уақып арқылы жасалған игіліктің кейінгі ұрпаққа да пайдасын тигізіп, сауапты істің жалғастығына себеп болатындығы кеңінен түсіндірілді.
Жүйелі түрде ұйымдастырылған бұл түсіндірме жұмыстары мешіт жамағатының уақып туралы діни білімін тереңдетіп, қайырымдылыққа деген ынтасын арттыруға және қоғамдағы ізгілік пен өзара қолдауды нығайтуға бағытталды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


22 Қыркүйек 2026
9 Раби-сани 1448

