Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде «Қоғам қауіпсіздігі – ортақ міндет» атты профилактикалық кездесу өтті. Шараға Жамбыл облысы Полиция Департаменті, криминалдық Полиция басқармасының Бастығының орынбасары, Полиция полковнигі Ербол Аманғалиұлы, оқу орнының басшылығы мен студенттер қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – жастар арасында заң бұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтық пен қаржылық қылмыстардан сақтандыру. Шарада сөз алған полиция капитаны Мырзабек Төлегенов соңғы уақытта жиілеп кеткен «дропперлік» алаяқтық түріне тоқталып, заңсыз ақша аударымдарының құқықтық салдары мен жауапкершілігін егжей-тегжейлі түсіндірді.
«Қазіргі таңда алаяқтар жастарды, әсіресе студенттерді тез әрі оңай ақша табуға қызықтырып, өздерінің арам пиғылдарына пайдалануға тырысады. Өз атыңызға ашылған банк картасын немесе шотты бөгде тұлғаларға беру, заңсыз ақша айналымына араласу – ауыр қылмыс. Осыны әрбір студент терең түсінуі тиіс», – деді полиция инспекторы.
Өз кезегінде «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің директоры Жарбол Болатұлы бұл мәселенің шариғаттағы орнына тоқталып, өзгенің мүлкін заңсыз иемдену мен өсімқорлық, алаяқтықтың ауыр күнә екенін атап өтті.
«Ислам діні адал еңбек пен таза табысты талап етеді. Біреудің ақысын жеу, өзгелерді алдап ақша табу шариғатта қатаң айыпталады. Шәкірттеріміз заңға бағынып қана қоймай, имандылық пен адалдық принциптерін де берік ұстануы қажет», – деді оқу орнының директоры.
Жиын соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұшымды жауаптар алды.
"Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің баспасөз қызметі


02 Қыркүйек 2026
19 Раби-авваль 1448

