Адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүниеге келген қасиетті Мәуліт айының құрметіне Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде мерекелік тағылымды жиын өтті. Мүбәрак айдың тағылымын бөлісуге жиналған жамағаттың қарасы қалың болды.
Салтанатты шараның шымылдығын ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы ашып, жиналған қауымды ұлық мерекемен құттықтады. Облыстың бас имамы өз уағызында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибратқа толы өмір жолы, көркем мінезі мен Мәуліт айын атап өтудің рухани маңызы туралы тереңнен толғады.
Жиын барысында мешіт имамдары Дәулет Амангелді мен Аят Дыбысұлы Алла елшісіне (с.а.с.) деген сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі ретінде Мәуліт жырын оқыды. Іс-шарада қасиетті жыр арабша және қазақ тілдерінде кезекпен өріліп, мешіт ішін ерекше рухани тебіреніске бөледі.
Шара соңында Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы үшін арнайы бата беріп, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат пен сәлем жолдады. Көпшілік бірлесе дұға жасап, қасиетті айдың берекесі мен шарапатын тигізуді Алладан тіледі.
Ақерке Шахризатқызы
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



01 Қыркүйек 2026
18 Раби-авваль 1448

