Жамбыл облысындағы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Менің кәсіби таңдауым және болашақ мамандығым» атты салтанатты жиын өтіп, жаңа оқу жылы бастау алды. Білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған студенттер мен жоғары курс студенттерін жинаған салтанатты шара мемлекеттік әнұранмен ашылды.
Жиында Жамбыл облысының Бас имамы Асқар Зәкіржанұлы сөз сөйлеп, шәкірттерді Білім күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде діни біліммен қатар заман талабына сай зайырлы ғылымдарды да терең меңгерудің маңыздылығына тоқталды.
«Білім алу – әрбір мұсылманға парыз. Өңірімізге діни де, зайырлы да білімі терең, парасатты мамандар өте қажет. Жаңа оқу жылы шәкірттерімізге берекелі болып, ізгілік пен ғылым жолында үлкен белестерді бағындыруға тілектеспін», – деді Бас имам.
Мерекелік бөлімнен кейін шара акт залында оқу ордасының ішкі жұмыстары мен жаңа реформаларын таныстыру жиынымен жалғасты. Онда «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің директоры Жарбол Болатұлы биылғы оқу жылының негізгі ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, оқу орны биылдан бастап теориялық білімді өндірістік практикамен тығыз ұштастыра отырып, студенттерді кәсіби даярлаудың тиімді моделіне басымдық бермек.
«Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – оқыту бағдарламасын өндірістік тәжірибемен тікелей байланыстырып, теория мен практиканы қатар алып жүру жүйесін енгізуіміз. Бұл шәкірттерге алған білімін аудиторияда ғана емес, тікелей жұмыс барысында шыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, биыл студенттердің күн тәртібі мен жатақханадағы ішкі ережелері қайта қаралып, тамақтану мен жатақхана ақысы бойынша келісімшарт талаптары толық жүйеленді», – деп атап өтті медресе-колледж директоры Жарбол Болатұлы.
Шара барысында жаңа оқу жылындағы топ жетекшілері де ресми түрде таныстырылды:
-
1-курс топ жетекшісі – Самат Тұрсымбеков;
-
2-курс топ жетекшісі – Дархан Тастанбеков;
-
3-курс топ жетекшісі – Данияр Қарымсақов;
-
Тәжірибелік оқыту топтарының жетекшісі – Исатай Оразов.
Жиын соңында Бас имам Асқар Зәкіржанұлы арнайы дұға бағыштап, ел амандығы мен шәкірттердің білім жолындағы қадамына ақ батасын берді. Мұнан соң оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, студенттер дәрісханаларға бет алды.
"Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.