Қордай ауданының орталығындағы аудандық «Қордай» мешітінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жалғасуда. Аудан бас имамы Азамат Берікұлының ұйымдастыруымен, жомарт жандардың демеуі арқасында 50 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдары табысталды.
Қайырымдылық шарасының негізгі мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қолдау көрсетіп, олардың мектепке қажетті құрал-жабдықтарын түгендеуге жәрдемдесу. Игі бастамаға атсалысқан азаматтар жас ұрпаққа жасалған әрбір көмектің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Шара барысында мешіт жамағаты мен қайырымды жандарға алғыс айтылып, оқушыларға жаңа оқу жылында жақсы білім алып, биік жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірілді.
Алла Тағала қайырымды жандардың жасаған ізгі амалдарын қабыл етіп, ризық-несібелеріне береке берсін! Балаларымыздың білімге деген құштарлығын арттырып, жаңа оқу жылын сәтті бастауын нәсіп етсін. Еліміздің ертеңі болған жас ұрпақтың болашағы жарқын болсын! Әмин!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



28 Тамыз 2026
14 Раби-авваль 1448

