Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алдымен Аллаға, сосын Оның Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббат жүрекке орнықпайынша мүміннің иманы кемелділікке жетпейді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Сендердің біреулерің қашан мені өзінің бала-шағасынан, әкесінен және барлық адамдардан жақсы көрмейінше толық иман келтірмейді» (Бұхари риуаяты). Бірде Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Уа, Расул Алла! Шынында мен сізді өзімнен басқа нәрсенің бәрінен де қатты жақсы көремін!» – дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болғанның атымен ант етейін, сен мені өзіңнен де қатты жақсы көруің керек», – дейді. Омар (р.а.): «Олай болса мен сізді өзімнен де қатты жақсы көремін», – дейді. Пайғамбар (соған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Міне, енді (дұрыс болды), уа, Омар!» – дейді. (Бұхари).
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Махаббаттың шынайылығы үш нәрседе көрінеді:
– сүйіктісінің сөзін басқаның сөзінен жоғары қою;
– сүйіктісімен бірге болуды басқалармен бірге болудан артық көру;
– сүйіктісінің разылығын басқалардың разылығынан жоғары қою»
Ғамир ибн Рабиға (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кімде-кім Маған (с.ғ.с.) қанша салауат айтса, ол адамның салауаты аз болсын көп болсын, оған Періштелер сондай салауат айтады,» дегенін естідім.
Ниса сүресінің 69-аяты Саубанның (р.а.) себебінен түскен деп Анас ибн Малик (р.а.) жеткізген. Саубанның (р.а.) Пайғабарымызға (с.ғ.с.) деген махаббаты үлкен болғандығы соншалық, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) біраз уақыт көрмесе сабырлығынан айырылып жүдеп кететін болған. Бір күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келгенде, түрін көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қорқып кетіп: Ей, Саубан (р.а.) қалың қалай?-деп сұрайды. Сонда Саубан (р.а.): Я, Расулла (с.ғ.с.) мен еш жерім ауырмайды қалым жақсы, бірақ Сізді (с.ғ.с.) біраз уақыт көрмесем осындай боламын, мен қияметті еске алып отырып, қияметте Сізді (с.ғ.с.) көрмей қаламын ба? - деп қорқамын, себебі Сіз (с.ғ.с.) жәннатта Пайғамбарлармен (ғ.с.) бірге боласыз ғой. Мен жәннатқа кірсем де, Сізді (с.ғ.с.) көрмеймін, ал тозаққа кетсем Сізді (с.ғ.с.) мүлдем көрмей кетемін, сонда менің қалым не болмақ дегенде - осы аят түскен.
«Кімде-кім Аллаға және Пайғамбарына (с.ғ.с.) бойұсынса, міне солар Алла Тағала нығметіне бөлеген Пайғамбарлармен (ғ.с.) сыддықтармен, шаһидтермен және ізгі амал қылған құлдарымен бірге болады, олар қандай жақсы достар».
Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте: «Егерде кім Алла Тағаланы және Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жақсы көріп еске алса, Алла Тағала оны жәннатқа Пайғамбарлармен (ғ.с.) және сүйген құлдарымен бірге кіргізіп, күнәларын кешіріп, өзі дидарын көрсетеді. Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) сұқбаттастырып шапағатына лайық қылады». Анас ибн Маликтен (р.а.) жеткен хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Менің (с.ғ.с.) сүннетімді жақсы көрсе, Мені (с.ғ.с.) жақсы көргені, Мені (с.ғ.с.) жақсы көрген адам, Менімен (с.ғ.с.) жәннатта бірге болады». Енді кім Пайғамбарды (с.ғ.с.) көргісі келсе, шынайы Пайғамбарға (с.ғ.с.) махаббаты болу керек, енді сол махаббаттың белгісі бойұсыну, және көп салауат айту, себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Бір нәрсені жақсы көрген адам, оны көп еске алады» деген.
Ғұмар ибн Маррадан (р.а.) жеткен хадисте: Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Қузаға руының бір кісісі келіп, я Расулла (с.ғ.с.) маған айтыңызшы егер де мен Алланы бір деп, Сізді Пайғамбар (с.ғ.с.) деп мойындап, 5 уақыт намазымды өтеп, Рамазанда оразамды ұстап, зекетімді беріп жүрсем мен қайда барамын дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Егерде кім осыларды атқарып жүріп, ата-анасын сыйлап көзін жұмса, ол пейіште Пайғамбарлармен, сыддықтармен және шаһидтермен бірге болады деп екі бармағының арасың қосты, ата-анасын сыйламаса, Алланың рахматынан аулақ болады» деді.
Мінекей, әлемдерге рахым ретінде жіберілген ардақты Елшіге (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, ұлықтайтын Мәуліт мерекесі айы. Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты Мұхаммедке Жаратқан Иеміздің жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болғандай сансыз салауаты мен сәлемі болсын! Адамзаттың ардақтысына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген шынайы ықылас, құрметімізді, сүйіспеншілігімізді жаңартып, иманымызды толықтыруға барынша тырысайық. Алла Тағала Мәуліт мерекесін елімізге құтты етсін! Әмин!
Балхожаев Азамат Мұратбекұлы
Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің найб имамы


28 Тамыз 2026
14 Раби-авваль 1448

