Дәстүр діңгегіміз

Дәстүр діңгегіміз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқы — салт-дәстүрге бай, терең тарихы бар, әрбір іс-әрекетін өмірлік тәжірибе мен тәрбиеге негіздеген дана ұлт. Салт-дәстүріміз ұлтымыз, туған-туыс, көршілер арасында жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына және ынтымақтастықта өмір сүруіне  кең жол ашқан. Сол себепті де атам қазақ салт-дәстүрге сүйене отырып, өзара қарым-қатынасын реттеп отырған. Бір-бірін үнсіз түсініп, сыйласқан. Ал бүгінде сол дәстүрімізді бекем ұстануға, ішіндегі біраз ұмыт болып бара жатқандарын қайта жандандыруға елімізде де, ҚМДБ тарапынан да біраз жоспарлар, бағыттар мен бағдарламалар үлкен мақсатқа қойылды.

Дәстүр дегеніміз - сол ұлтты ерекшелейтін, оның тілі, діні және ғасырлардан жеткен рухани темірқазығы саналған асыл қазынасы. Дәстүрімізден айырылсақ, тарихымыздан айырыламыз. "Дәстүр" сөзінің араб тіліндегі мағынасы "ішкі ереже, заң" дегенді білдіреді. Қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталады.

Сарқыт, сүйінші сұрау, көрімдік (байғазы) беру, ерулік, бәсіре беру, киіз басу (ауыр жұмыстардың бірі болған), тұсау кесу, беташар деген сияқты т.б. айта берсе өте көптеген салт-дәстүрлеріміз бар. Дәстүрлеріміздің қай қайсысы болса да терең мағынаға, сондай ақ асыл дінімізге негізделген. Алла Тағала Құран Кәрімде: "Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет...",-деп баяндайды. (Ағраф сүресі, 199 - аят).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) да өзінің Сәлиб деген сахабасына: "Әй, Сәлиб, жақсы істеріңді Ислам дәуірінде де жалғастыр, жұртқа жақсылық жаса, туған-туысқандарыңмен қарым-қатынасыңды орнат, көршілеріңмен жақсы тұр, қонағыңды сыйла"-деген. Кезінде дәстүр жолын біздерге осы кезге дейін насихаттап келген көптеген  үлкендеріміз, көнекөз қарттарымыз көп болған. Олар өздерінің орталарында салтымызды, дәстүрімізді көбірек айтып, өз тәлім-тәрбиелерімен сусындардыратын еді. Қазақта "Қарты бар үйдің қазынасы бар" деген нақыл бекер айтылмаған. Қай жерде қариялар болса, ол жерде дініміз, салтымыз, өсиет, бата, шежіреміз т.б. сақталып, өскелең ұрпаққа кеңінен насихатталын еді. Тіпті мәйіт қайтыс болғаннан кейінгі өткізілетін діни рәсімдеріміз (жетісі, қырқы, жылдық асы) де дәстүрлік жиындар топтамасына жатқызылады. Алдыңғы буын бабаларымыз өздері Хақ Исламнан нәр алып, сол асыл дінді және өздерінің салт-дәстүрлерін де жеткізіп кеткен. Одан кейінгі кезекте А.Ясауи, А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп және т.б. қазақтың тарихында ойып тұрып орын алатын тұлғаларымыз да өздерінің жазған әрбір хикметінің, өлеңінің, жыр-дастандарында айтып, насихаттап кеткен.

Осы жерде "Дәстүрлі Ислам" деген не деген сұрақ туындауы да мүмкін. Дәстүрлі Ислам дегеніміз - өз тамырын Пайғамбар (с.ғ.с.) оған кезеңінен алған, қазақ даласындағы әулие, ғұламалардың ілімімен қайнасқан, Ислам діні пайда болған VII ғасырдан күні бүгінге дейін төрт бірдей мазхабы жалғасын тауып жатқан дінді айтамыз.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қоғамда ұмыт болып бара жатқан кейбір салт-дәстүрімізді қайта жандандыру қолға алына бастады. Қоғамда кей адамдар ұлттық дәстүрімізбен діни рәсімдеріміздің ортасындағы айырмашылықтарын жақсы ажырата алмай, біраз қиындықтарға да ұшырап жатты.

Қорыта айтқанда, яғни мақала аясында айтайын дегеніміз, дін мен дәстүр егіз ұғым екенін еске салғымыз келеді. Салт-дәстүріміз ғасырлар бойына қалыптасқан құндылық болғандықтан бірден емес, бірте-бірте жоғала беруі мүмкін. Сондықтан осындай ұлтымыздың бай дәстүрлерін қолымыздан келгенінше ұстанып, насихаттап жүрейік. Келешекті ойлайтын болсақ, тағылымға мол, мәдениет пен  адамгершілікке толы асыл салтымызды жас ұрпаққа саф, таза күйінде тапсыруымыз керек. Дәстүрдің жақсы мен жаманы болмайды. Дәстүрдің озығы мен тозығы болады деген де сөз бар. Кейбір дәстүрлеріміз бұрын болған, бірақ қазіргі заманға сәйкес келмейді, соны тозығы бар дейді. Өмір өзі түлеп, жаңарып отырады. Ал біздер осы құндылықтардың ара жігін діни тұрғыдан да, ой-санасынан да саралап, ұрпаққа дұрыс жеткізе білуіміз керек. "Ел болам десең бесігінді түзе" демекші әрбір отбасы, әрбір тәрбиеші, әрбір ұстаз үшін жастарды сауатты әрі халқына, еліне қызмет ететін тұлға етіп тәрбиелеу басты мақсатымыз екен.

Нақты айтқанда, терең мағынаға ие болған, ақылға қонымды, өз мақсаты мен мүддесі бар киелі дәстүріміздің жолын келелі ұрпаққа жеткізсек ғана ұлтымыздың алдындағы міндеттерімізді орындаған болып саналамыз. Біле білсек, 19-шы  ғасырда қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Семенов Тянь-Шанский "Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!" деп бекер айтпаған екен. Дін саласында қызмет жасап жүрсек тек, дәстүрге қатысты өзіміздің азды-көпті білгенімізді қағаз бетіне түсірген болғандаймыз. Қазақ этнографтарының ой-пікірлерімен айтар болсақ, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып - қазақ халқының бірегей болмысы. Олар ешкімді еш уақытта жамандыққа бастамайды. Қазақ болмысының өзегі – ізгілік. Осыны ұмытпағанымыз жөн құрметті жамиғат. Салт-дәстүріміз берік орнасын!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Тұрар Рысқұлов ауданы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: