Өлімді еске алудың пайдасы

Өлімді еске алудың пайдасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам баласы өмірге келген соң бір күні дүниеден өтетіні анық. Өлім әр адамның басынан өтетіні ақиқат. Көпшілік өлім туралы ойлаудан қашқанымен, оны еске алу адамның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, рухани тұрғыдан дамуына себеп бола алады. Өлімді еске алудың ең үлкен пайдасының бірі-адамның уақыттың қадірін түсінуі. Өмірдің шектеулі екенін ұғынған адам әр күнін босқа өткізбей, пайдалы істер жасауға ұмтылады. Отбасына көңіл бөлуге, жақындарына жақсылық жасауға, жақсы сөз айтуға, білім алуға және қоғамға пайдасын тигізуге тырысады.

Сонымен қатар өлімді еске алу адамды тәкәппарлықтан арылтып, қарапайым болуға тәрбиелейді. Байлық,атақ, мансап сияқты дүниелік нәрселердің уақытша екенін түсінген жан адамгершілік пен жақсы мінездің маңызын жоғары қоя бастайды. Ол өзгені ренжітпеуге, кешірім сұрауға және кешіре білуге мән береді.

Өлімді ойлау адамның жауапкершілігін де арттырады. Әрбір жасаған ісінің салдары бар екенін түсінген адам жамандықтан сақтанып, жақсылық жасауға талпынады. Дін тұрғысынан да өлімді еске алу адамды ақыретке дайындалуға, ізгі амал жасауға және ар-ұятын таза ұстауға үндейді. Алайда өлімді еске алу өмірден түңілі немесе үнемі қорқынышта жүру емес. Керісінше, оның мәні-өмірдің бағасын түсіну. Өлімнін ақиқат екенін және ерте ме, кеш пе өмірден өтетінін сезінген адам өмірді көбірек бағалап, мәнді, мағыналы өмір сүруге тырысады.

Адам баласы бұл дүниеге мәңгі қалу үшін емес, сынақтан өту үшін келген. Өмірдің соңы-өлім. Өлім-қашып құтыла алмайтын ақиқат. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әрбір жан өлімді татады»-деп ескертеді (Әли-Имран сүресі, 185 аят). Сондықтан өлімді еске алу-мұсылман үшін қорқынышқа берілу емес, керісінше, дүниелік. өмірдің уақытша екенін түсініп, ақыретке дайындалудың бір жолы

Алла Тағала тағы бір аятта: «Қай жерде болсаңдар да сендерді өлім қуып жетеді»-дейді (Ниса сүресі, 78 аят). Бұл аят адамға өлімнің белгілі бір жаста ғана келмейтінін еске салады. Сондықтан мұсылман адам әр күнін жақсы амалмен өткізуге тырысуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Ләззәтті бұзатын өлімді көп еске алыңдар»-деген(Тирмизи,Нәсәи). Бұл хадистің мағынасы-өлімді еске алудың дүниеге деген шектен тыс құмарлығын азайтып, жүрегін оятуға көмектеседі.

Өлімді еске алудың тағы бір пайдасы-тәубеге келуге себеп болады. Адам өлімнің қашан келетінін білмейді. Сондықтан күнә жасап жүрсе, тәубе етуге асығуы керек. Алла Тағала: «Әй мүміндер! Аллаға шынайы тәубе етіңдер»-деп бұйырады (Тахрим сүресі, 8 аят). Өлімді еске алған адам тәубені кейінге қалдырмаудың маңыздылығын түсінеді.

Шынайы ақыретін ойлаған адам-дүниеге деген шамадан тыс қызығушылықтан аулақ болады. Өйткені дүниенің қызығының бәрінің өткінші екенін түсінді. Бұл жайында Қасетті Құранда: «Сендерге берілген нәрселер-дүние тіршілігінің игілігі. Ал Алланың қасындағы нәрсе әрі жақсы әрі тұрақты»-делінген (Қасас сүресі,60 аят). Бұл адамға дүниенің өткінші, ал ақыреттің мәңгі екенін еске салады.

Тағы бір пайдасы-жақсылық жасауға ынталандырады. Адам өлген соң артында не қалатынын ойлайды. Мал-мүлік пен атақтан гөрі жақсы амалдың маңыздылығын түсінеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Адам қайтыс болған кезде оның үш амалынан басқасының бәрі тоқтайды: жария садақа, пайдалы білім, игі перзент»-деген (Сахих Муслим). Бұл хадис адамды артында пайдалы із қалдыруға шақырады.

Өлімді еске алу-жүректерді жұмсартады, адамды тәкәппарлықтан арылуға көмектеседі. Адам өзінің әлсіз, уақытша жаратылыс екенін түсінеді. Бай немесе кедей, беделді немесе қарапайым болсын, өлімнің алдында бәрі тең. Халқымызда осы өлім жайында керемет сөз бар: «Тақ пен табыттың иесі жоқ». Бұл сөздер арқылы біз мына өмірде барлық нәрсенің уақытша екенін түсінеміз. Сондықтан да бір бірімізге жақсы қарым-қатынас жасап, мына фәни дүниеде тату тәтті, кешірмшіл болғанымыз әрбіріміз үшін өте пайдалы болмақ.

Құран Кәрімнің тағы бір аятында: «Бұл дүние тіршілігі ойын-сауық және ермек қана. Ал ақырет жұрты-шын мәніндегі тіршілік (Анкабут сүресі, 64 аят). Осыны түсінген адам дүниені ешқашан ақыреттен жоғары қоймайды. Сонымен қатар дүние тіршілігін де тастамайды. Екеуін қатар алып жүруге тырысады. Осы өлім жайында халқымыздың да тағылымды сөздері көп. «Бүгін бар, ертең жоқ», «өмір өзен өтер де кетер»-деген сөздер арқылы біз өміріміздің өзен суындай ағып өтетінін білеміз. Балалық шақ, жастық шақ, кәрілік-бәрі бірінен соң бірі келеді. Сондықтан әрбір сәттің қадірін біліп, уақытты пайдалы қылып өткізуге тырысуымыз керек. Халқымыз осыған қатысты «Жақсылық қылсаң өзіңе жамандық қылсаң өзіңе»-деп бекер айтпаса керек.

Тағы бір нақылда: «Не ексең соны орасың»-дейді. Бұл сөз адамның әрбір ісінің нәтижесі болатынын білдіреді. Жақсылық еккен адам жақсылықтың жемісін көреді. Ал жамандық жасаған адам оның зардабын тартады. Сондықтан бұл дүние мұсылман баласы үшін-жақсы амал жасайтын орын, ал ақырет сол амалдың нәтижесін көретін мәңгілік мекен. Ата-бабаларымыз: «Өлім-бардың малын алады, жоқтың-арын алады», «Өмір қамшының сабындай қысқа»-деп өмірдің қысқалығын ескерткен. Өлім-өмірдің соңы болғанымен мұсылман үшін ақыреттің бастауы. Сондықтан әр күнді босқа өткізбей «ертеңгі күнге не дайындадым?» деп өз өзіне есеп беру-саналы адамның белгісі. Бұл жайында Құранда Алла Тағала: «Әркім ертеңі үшін не дайындағанына қарасын»-дейді (Хашр сүресі,18 аят).

Өлімді жиі еске алу дүниенің құлы болудан алыстататын, ақыретке деген дайындықты күшейтетін амал. Бірақ мына дүние тіршілігін жақсы көретін адам, осы өмірдің ләззәтін сүйетін адамдар көп жағдайда өлім туралы айтылса көңілі құлазып, жүрегі сыздап өлім туралы тыңдағысы да ойлағысы да келмейді. Дегенмен адам баласының өмірі көшуден тұрады. Шын мәнінде өлім-жоқ болып кету емес, мына дүниеден көшу дегенді білдіреді. Алдымен әкенің белінен, ананың құрсағына, одан кейін сәби болып мына өмірге, мына өмірден барзақ әлеміне, одан әрі ең соңғы табан тірер мәңгі тұрақ дүние Алланың қалауымен жәннәт немесе тозақ болады. Қазақта негізінде мына дүниеден қайтқан адамды өлді демейді, «қайтыс болды», «раббысына қайтты» дейді. Міне, бұл сөздер арқылы адам бұл өмірде жолаушы екенін анық түсінеміз.

Адам күн сайын өз өліміне жақындап келеді. Әр күніміз бізге берілген мүмкіншілік. Ойланған адамға Алланың әрбір жаратқан нәрсесінде үлкен ғибрат жатыр. Мысалы, ағашты алайық,  күзде жапырақтары түсіп, қыста өлі дүниеге айналады. Көктем шыға қайта жанданып көктеп, жазда жайқалып жеміс береді. Мұсылман адам дәл сол жеміс ағашы секілді. Тек оның жемісі-Алланың жәннәті. Сол үшін де бұл ағаш мәселесі Алланың ұлылығын паш етіп, өлімнің көптеген хикметтерінің бар екенін еске салады. Егер өлім болмаса өмірдің ләззәтін сезіне алмас едік, ауырмасақ денсаулықтың қадірін, қартаймасақ жастықтың қадірін білмес едік, кедей болмасақ байлықтың қадірін білмес едік. Бірақ адам баласы әр нәрсенің қадірін сол нәрсені жоғалтқанда түсінеді.

Тағы бір пенде Алламен қауышудан қорықпаса да, өлімнен кейінгі жағдайының қандай болатынын ойлап алаңдайды. Өлімді еске алудың белгілі бір уақыты жоқ. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) бұл істі өзімізге қалдырған. Бірақ әркім өз иман дәрежесіне қарап өлімді еске алады. Адамзат тарихында талай хакім даналар көптеген өсиет айтып, тағылымы мол сөздер қалдырған. Хакім Абай да өлімнің хикметін сезіп, басқаларға қапы қалмауды былайша өсиет еткен:

Адамзат-бүгін адам, ертең топырақ ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ

Ертең өзің қайдасың, білмейсің?

Өлмек үшін туғансың, ойлан,шырақ!

Өлім - адамның амал жасау мүмкіндігі тоқтайтын сәт. Сондықтан да тірі кезде жасалған әрбір ізгі амалдың маңызы зор. Халқымыз ежелден өмірдің өткінші екенін түсініп, «Ажал айтып келмейді» деп бекер айтпаса керек. Кейде адам ертеңгі күнге жоспар құрып, болашаққа үмітпен қарайды. Алайда алдында тағдырдың не сый дайындап тұрғанын білмейді. Сондықтан бүгінгі күнді бағалап, жақын адамдарымызға жылы сөзімізді айтып, оларды ренжітпеуге тырысқанымыз жөн.

Адам өмірі - баға жетпес қазына. Әрбір күннің, әрбір сәттің қадірін біліп жақындарымызбен, айналамыздағылармен жақсы қарым-қатынаста болғанымыз жөн. Өмір қысқа болғандықтан, әр күнімізді мәнді өткізіп, артымыздан жақсы із қалдыруымыз керек. Осы тұрғыда Абай хакімнің мына бір өлең жолдары еске түседі: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес»-деген сөздер арқылы ақын адамның тәні өлгенімен, оның артында қалдырған ісі, сөзі мен өнегесі халық жадында өмір сүретінін айтады.

Өмірдің өткіншілігі мен ажалдың хақтығы туралы терең ой қалдырған дана ақынымыз Абай Құнанбайұлы: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»-деген өлең жолдары арқылы, адамдарды бір бірін қадірлеуге шақырған. Ал өмірдің мәні туралы терең толғанған Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз: «Адамдық борышың - халқыңа еңбек қыл»-деп әр адамды өз өмірін босқа өткізбей, елге пайдасын тигізуді үндейді.

Өмір-қысқа, уақыт қымбат. Өлгеннен кейін адамның артында байлығы, дүние-мүлкі емес, жасаған жақсылығы мен жақсы аты қалады. Сондықтан дана ақындарымыздың сөзін үлгі етіп, адамдықты биік қойып, өмірде мәнді етіп өткізу-әрқайсысымыздың  міндетіміз. Өлімді еске алу-жүректі оятатын ғибрат. Ал жүректердің шынайы тыныштығы - Алланы еске алуда! Өлімді еске алған адам тәубесін жаңартып, намазын түзеп, адамдардың ақысын өтеуге асығады. Өйткені әлбетте өлімнің қашан келетінін ешкім білмейді.

Атақты ғалым Хасан әл-Басри: «Ертең өлетіндер, бүгін өлетіндерді көмеді»-деп айтқан. Демек бәріміз де бір күні бақилық боларымыз сөзсіз ақиқат. Өйткені жаратылған жанның өлері хақ. Мәңгілік-бір Аллаға тән. Өмір мен өлім адамдар үшін үлкен сынақ. Ол туралы Алла Тағала былай дейді: «Ол қайсыларыңның амалы ең жақсы екендігін сынау үшін өмір мен өлімді жаратқан. Ол үстем әрі кешірімді (Мүлік сүресі,2 аят). Демек, өлім мен өмірдің жаратылуындағы сыр жаратылыс үшін үлкен сынақ және уақытша берілген мерзім болып келуінде. Әрбір жаратылғанның-күллі тіршіліктің басталуы мен аяқталуы хақ!

Өлім адамның қалауына тәуелді емес, Алланың қалауына ғана қатысты. Бұл өлім адам баласының дәрменсіз жаратылыс екеніне, барлық билік иесі - Жаратушы Хақ Тағала екенінің айқын дәлелі. Айналып келгенде өлімді еске алу-адамды тәубеге келтіріп, жүректерді жұмсартып және күнәлардан тыюшы ең абзал уағыз. Бұдан ғибрат алуымыз керек. Мазарлар мен қабірлерге қарап, олардың ішіндегі кезінде өзіміз секілді болғандардың жағдайына қарап ғибрат алғанымыз жөн. Өйткені уақыт сағатымыз келгенде бізде солардай боламыз. Олар сияқты топырақ астына жерленеміз. Сондықтан да ол жерде пайдасын тигізетін амалдарды қазір мүмкіндігіміз барда жасап алуға бар күш жігерімізді салғанымыз абзал. Өйткені өлген сәтте өкінудің еш пайдасы болмайды.

Қорытындылай келе, әр күнімізді соңғы күніміздей бағалап, Алланың разылығына ұмтылып өмір сүрейік. Алла Тағала баршамызға иманды ғұмыр, ізгі амал және көркем ақыр нәсіп етсін. Әмин!

  Саламат Аманбаев

Қордай ауданы, Әлжан ана ауылы

«Құдайберген» мешіті

имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: