Жамбыл аудандық орталық "Бәйдібек" мешітінің ұстазы Жайна Бекназарова шәкірттерге «Суицид және дін» тақырыбында уағыз-насихат айтып, түсіндірме жұмысын жүргізді. Шараның негізгі мақсаты – адам өмірінің қадір-қасиетін түсіндіріп, қиындыққа тап болған жағдайда үмітсіздікке берілмей, дұрыс жол іздеудің маңызын жеткізу болды. Ұстаз Ислам дінінде адам өмірінің қастерлі екеніне тоқталып, әрбір адамның өзіне және өзгеге жауапкершілікпен қарауы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, өмірлік қиындықтар мен түрлі сынақтар кезінде жақын адамдармен сөйлесіп, сенімді жандардан қолдау сұраудың маңыздылығы түсіндірілді. Уағыз барысында сабырлылық, тәуекел, үміт және өзара жанашырлық секілді рухани құндылықтардың адам өміріндегі орны кеңінен баяндалды.
Жайна Бекназарова мұсылманның қоғамда адамның көңіл күйіне немқұрайлы қарамай, мұқтаж жанға жылы сөз айтып, қолдау көрсету қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ күрделі жағдайларға тап болған адамдарға тек діни тұрғыдан емес, қажет болған жағдайда мамандардан кәсіби көмек алудың маңыздылығын да атап өтті.
Шәкірттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, дін тұрғысынан тиісті түсіндірмелер алды. Шәкірттерді өмірді бағалауға, бір-біріне қамқорлық танытуға және қоғамдағы өзара мейірімділік пен жауапкершілікті арттыруға шақырды.
Түсіндірме жұмысы шәкірттердің діни сауатын арттырып, қиындыққа тап болған адамдарға қолдау көрсету мен өмірдің қадірін түсінуге бағытталды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


26 Тамыз 2026
12 Раби-авваль 1448

