Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлының ұйымдастыруымен, аудандық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен, ауыл имамдарының атсалысуымен және кәсіпкер азаматтардың қолдауымен оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық барысында «Мектепке жол» қайырымдылық науқаны өтті.
Іс-шараға ауыл мешіттерінің имамдары белсенді атсалысып, 107 әлеуметтік жағдайы төмен және көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына қажетті оқу құралдары мен мектеп сөмкесін табыстауға өз үлестерін қосты.
Қайырымдылық шарасының басты мақсаты – балаларға қолдау көрсету, олардың жаңа оқу жылын алаңсыз бастауына мүмкіндік жасау және қоғамдағы өзара көмек пен жанашырлықты насихаттау.
Ардагерлер кеңесінің жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Серік Балабеков ақсақал мешітке келген көпшілікке ақ батасын берді. Аудан бас имамы Қанат Әділханұлы игі бастаманың маңыздылығын атап өтіп, халықты қайырымдылық жасауға, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге үндеді. Осындай сауапты істер ел арасындағы бірлік пен берекені арттыра түсері сөзсіз.



26 Тамыз 2026
12 Раби-авваль 1448

