Қордай ауданы, Қордай ауылы «Қордай ауылдық» мешітінің азаншысы Бекзат Жұмабайұлының қатысуымен Қазақстан Республикасы Құзырлы қызметін бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен «Лудомания» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесу барысында құмар ойынға тәуелділіктің адам өміріне тигізетін кері әсері кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, лудоманияның адамның психологиялық жағдайына, отбасылық қарым-қатынасына, әлеуметтік ортасына және қаржылық ахуалына кері ықпал ететіні айтылды. Бекзат Жұмабайұлы өз сөзінде ислам дінінде құмар ойынға тыйым салынғанын айтып, оның адамды жеңіл жолмен пайда табуға, ысырапшылдыққа және түрлі қиындықтарға жетелейтінін түсіндірді. Сондай-ақ уақыт пен қаражатты тиімді пайдаланып, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Жиын соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құмар ойынның алдын алу, одан аулақ болу және салауатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде пікір алмасты.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



26 Тамыз 2026
12 Раби-авваль 1448

