Сәду Шәкіров ауылындағы Байтоқты баба мешітінде жамағатқа халқымыздың рухани мұрасы мен ұлттық құндылықтары жайында тағылымды насихат айтылды. Мешіт имамы Оспанов Бақдәулет «Дін мен дәстүр.
Әдет-ғұрып, салт-сана» тақырыбына тоқталып, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен ислам құндылықтарының өзара сабақтастығын түсіндірді. Қазақтың үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, қонақжайлық таныту, ағайынмен тату болу, мұқтажға қол ұшын беру секілді әдет-ғұрыптары халықтың тәрбиелік ұстанымдарымен тығыз байланысты. Мұндай ізгі қасиеттер ұрпақ тәрбиесінің берік негізіне айналып, атадан балаға жалғасып келеді. Дін мен дәстүрдің мәнін дұрыс түсіну – ұлттық болмысты сақтаудың маңызды жолдарының бірі.
Салт-сананы құрметтеу арқылы жас ұрпақтың бойына адамгершілік, имандылық, үлкенге құрмет пен елге деген сүйіспеншілік қасиеттерін сіңіруге болады. Имам жастарды атадан қалған өнегелі дәстүрлерді қадірлеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және дін мен дәстүрдің өзара үндестігін терең түсінуге шақырды.
"Байтоқты баба" мешітінің баспасөз қызметі.


26 Тамыз 2026
12 Раби-авваль 1448

